Шымкент әкімдігі жабық кабинеттер мен есік алдындағы күзеттен бас тартпақ

552

Шымкент әкімдігі жабық кабинеттер мен есік алдындағы күзеттен бас тартып, тың басқармашылық тәжірибеге көшпекші.

Яғни, әкімдікке келушілерде қатал күзет күтіп алмайтын күн жақын. Әзірге, іскерлік әкімшілік орталыққа кіру бақылауда. Азаматтар жауапты мамандарға жолығу үшін күні бұрын жазылуы шарт. Шымкент қалалық әкімдігіне келушілердің қарасы қалың. Қабылдауға алдын-ала жазылмаса, ішке кіру мұң. Шенеуніктерге жеке мәселесін арқалай келетіндер де көп. Бәрін бірдей құшақ жая қарсы алмайтыны тағы бар. Қай-қайсымен сөйлессеңіз, бұл ережелермен жіті таныс.

Айнұр Сыдықова, көпбалалы ана

Айнұр Сыдықова, көпбалалы ана: «Жеке куәлігіңмен кел деген, бірінші рет келіп тұрмын. Қалай болатынын білмеймін. Алты балам бар, кенжесі 9 айлық. Баспана қажет. Әбден қиналып кеттік. Сайрам ауданындағы «Құтарыс» ауылында тұрамын. Білемін қалаға қарамайтынын, бірақ  қаланың әкімі қолдау көрсетеді деп сенім артып келдім».

Енді, мұндай қатаң қағида болмайды. Әкімдік ашықтыққа көшетін күн жақын.
Мұны шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов кәсіпкерлермен кездесуі барысында айтып, әкімдіктің бес басқармасында менеджмент амалын өзгертуді тапсырған еді. Ол дегеніңіз, ашық кеңсе, хатшысыз басшы, күзетсіз ғимарат. Мұны жүзеге асыруға қала әкімінің орынбасары Данат Жумин жұмыла кірісіп кеткен.

Данат Жумин,Шымкент қаласы әкімінің орынбасары

Данат Жумин, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Қала әкімінің орынбасары, яғни мен және бес басқарма кабинеттік жүйеден ашық кеңселік кеңістікке өтеміз. Біздің арамызда қабырғалар мен қабылдау бөлімдері, хатшылар мен көмекшілер болмайды. Басшылардың кабинеттері әйнектен тұратын болады. Алдағы уақытта ашық есік саясаты жүзеге асырылады. Екіншіден, біз халыққа жақындай түсеміз. Есік алдын полиция қызметкерлері күзетпейтін болады. Мейлі кәсіпкер, инвестор, қарапайым азамат болсын ешқандай тексерусіз азаматтарды қабылдайтын боламыз».

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, «ашық» кеңседе барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері жиналады. Әкімдіктің бұл қадамы нәтижелі болса, қалалықтар еш кедергісіз мәселелерін шешуге мүкіндік алмақ.

Шенеунік өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Заманға сай амал-әдістер жергілікті атқарушы органда қаншалықты тиімді болады? Тәжірибе сәуір айында басталып, жыл соңында аяқталады. «Кейін қорытындысын шығарып, халыққа міндетті түрде хабарлайтын боламыз», – деп жазды.

Шынар Оразова