Хан Тәңірінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасының жанынан құрылған «Руханият» жалынды жастар ұйымының ұйымдастыруымен «Есіңе мені алғайсың…» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Кеш барысында клуб мүшелері ақын өлеңдерін оқып, композициялық қойылымдар көрсетсе, қала өнерпаздары ақын сөзіне жазылған әндерді домбыра, гитара аспаптарымен жанды дауыста орындап, жас ақындар өз өлеңдерін оқып кештің көркін қыздырды. Жырлары әр қазақтың жүрегінен орын алған ақын құрметіне арналған әдеби кешке өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, университеттің жырға құмар жас жеткіншектері қатысты.

Кеш соңында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әшірбеков Бақытжан Айдарханұлы барлық қатысушылар мен алғашқы келген үш көрерменге «Рухани жаңғыру» сериясымен жарық көрген облыс ақын-жазушыларымыздың көп томдығын сыйға тартты.