Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің кітапханасының «Рухани жаңғыру» залында «Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті. 2018 жылы Ордабасы тауындағы үш ел Президенттерінің тарихи кездесуіне және «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын» құру туралы Елбасы Жарлығының шыққанына 25 жыл толған болатын.
Ұлы даланы мекен еткен ұлы тұлғалар мен даналардың ерлігі мен адалдық, данышпандық қасиеттерін баяндайтын «Ордабасы – бірлік туы» анимациялық фильмін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша «Сақ» киностудиясы түсірген.
«Ордабасы – бірлік туы» анимациялық фильмінде ел қорғаған баhадүрлеріміздің ерліктерін суреттей отырып, елдің бірлігін көрсету арқылы Асылжан есімді балақайдың елін, жерін қорғауға деген ұмтылысын жас ұрпақ санасына сіңіруді көздейді. Оқиға желісінде қазақтың Төле, Қазыбек, Әйтеке билері бастап, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай секілді батырлары қоштап, бүкіл ел бірігіп, шешуші айқаста ата жауын жеңген тұстары көрініс табады.
Аталмыш фильм мақсаты: жастарға үлгі, өнеге болар тұлғалардың өмірін насихаттау, қазақ халқының мақтанышына айналған батыр бабаларымыздың еңбекқорлығын, бірлікке деген құштарлығын паш ету, өскелең ұрпақтың жүрегінде мақтаныш сезімін оятып, ынтымағын арттыру. Ордабасы оқиғасын насихаттау арқылы өз елін сүюге, тарихын білуге шақыратын бұл фильмнің балаларға беретін тәлім-тәрбиесі мол болмақ.