Террористік тұрғыдан қорғалмаған нысан иелеріне айыппұл салынады

343

Түркістан облысы Полиция департаментінде облыс аумағында орналасқан террористік тұрғыдан осал обьектілердің терроризмге қарсы қорғалуы жайында әңгіме өрбіткен жиналыс болып өтті. Жиналысқа Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері, білім беру мен денсаулық сақтау басқармасы және басқа да қызығушылығы бар мекемелер қатысты.

Ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты аталмыш обьектілердің иелеріне және басшыларына террорлық әрекетке қарсы тұру, инженерлік-техникалық талаптарды сақтауды күшейту мен террорлыққа қарсы қорғану обьектілерінің қауіпсіздігін талапқа сай сақтау болып табылады.

Жиналыс барысында қатысушылар террористік тұрғыдан осал келетін, құқықтық нормаларға сай келмейтін, сондай-ақ террорлық қорғану талаптарын орындамайтын мекемелердің иелері мен кәсіпкерлер туралы сұрақтар легі қаралды. Қазақстан Респубикасының Үкіметі мен террористік тұрғыдан осал келетін обьектілердің жоспары бекітілгені белгілі. Оған электрмен, сумен қамтамасыз ететін обьектілер, кәсіпкерлік пен сауда орталықтары, театр мен мәдени-спорттық обьектілер, білім және денсаулық сақтау мекемелері, транспорттық нысандар (вокзалдар, станциялар, порттар әуежайлар) және т.б құрылыс нысандары жатады.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Түркістан облысы аумағында орналасқан террористік тұрғыдан осал болған мыңнан аса обьектілердің, оның ішінде адамдар көп шоғырланған обьектілердің орналасқанын атап өтті.
Полицейлер тарапынан Қазақстан Республикасының «терроризмге қарсы іс-қимыл туралы және 2015 жылы 3 сәуірде ҚР Үкіметімен бекітілген №191 шешіміне сәйкес обьектілерді тұрақты түрде тексеру жұмыстары жүргізіліп отырады. Осылайша, ағымдағы жылдың басынан бастап полицейлер 100-ге жуық обьектілерді тексерген, оның ішінде басым бөлігі террористік қорғалуын қамтамасыз ету және тиісті деңгейін сақтау жөніндегі міндеттерді орындаған обьектілер.

Сонымен қатар, террористік тұрғыдан осал обьектілердің басшылары мен иелері ҚР ӘҚтК-тің 149 «Террористік тұрғыдан осал обьектілердің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауіпсіздігін тиісті деңгейін сақтау жөніндегі міндеттерін орындамау және «немесе тиісінше орындамау»» бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

ТО ПД-нің баспасөз қызметі