Шымкенттегі аналар үйіндегі сәбилердің тұсауы кесілді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы шараға әнші Қайрат Түнтеков келіп, аналарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Әдетте бала дауысы шығатын бұл үйде бүгін белгілі әншінің әндері шырқалып жатыр. Мереке алдында болған тосын сыйға көңілі жабырқау аналар да дән риза. Алдымен өздері әзірлеген көжені ұсынып, ақ дастархан басына жиналды. Мамандардың айтуынша өмір сынағына түскен аналар бұл үйде тату-тәтті күн кешуде.
Қалдар Түнтекова, Шымкент қаласындағы №1 аналар үйінің үйлестірушісі: «Қазір аналар үйінде 9 жас ана кішкентай бүлдіршіндерімен өмір сүріп жатыр. Шымкент қаласында 2 ана үйі бар. Олар бір-бірімен өте тату тәтті тұрады. Бір үйдің қызындай апалы-сіңлілі болып, бір-біріне көмек көрсетеді».
Ибрагим есімді бұл бала әлі 1 жасқа толмаған. Осы наурыз мерекесі ол үшін ерекше болғалы тұр. Себебі тұсауы кесіледі. Ал оның алғашқы қадамына жерлес әнші ағасы ақ батасын берді. Ал тәй-тәй басқан бүлдіршін ақша, ойыншықтардың арасынан кітапты таңдады.
Қайрат Түнтеков, әнші: «Бүгін бірінші рет тұсау кесіп отырмын. Бұған дейін болмаған. Енді қырқынан шығару сынды рәсімдерді білеміз. Айтарлықтай қиын болды деп айта алмаймын. Тілегімді тілеп, тұсауын кестім. Қайырымдылық деген жақсылық жасасаң ол саған 10 есе қайтады».
Бүгінгі таңда Шымкенттегі дәл осы аналар үйінде 9 келіншек өмір сүруде. Айтуларынша, жағдай жасалған. Сүрініп кеткенінде демегендерге алғысын білдіргендердің бірі Залипа Закирова. 23 жастағы келіншек бұл жерде 9 айдан бері тұрақтап жатыр екен.
Залипа Закирова, жас ана: «Көңіл күйім керемет болып тұр. Алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Бүгін әнші келіп, суретке түсіп мәре — сәре болып жатырмыз. Осы мерекеге 1 апта бойы дайындалдық. Наурыз мерекесін дәл осындай дәрежеде алғаш рет тойлап отырмын».
Жалпы еліміз бойынша 23 аналар үйі бар. Қоғамдық қордан құрылған мекемелер 13 жастан 30 жасқа дейінгі аяғы ауыр және жас аналарды қабылдайды.
Назерке Үкібасова