Қораға түсіп, қой ұрлағандар құрықталды

318

Түркістан қаласының Полиция басқармасы мал ұрлығын азайту мен жоюға қарсы бағытталған жедел-алдын алу шаралары барысында мал ұрлығы қылмыстарының бірқатарын ашты.

Осылайша, 2019 жылдың басынан бастап Түркістан қаласы Полиция басқармасына белгісіз біреулердің бұзып әкету арқылы қора жайынан 5 қойын ұрлағандығы туралы арызы түседі. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығынның көлемі 150 мың теңгені құрайды. Аталмыш жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «ұрлық» бойынша СДТБТ-не тіркеуге алынды.

Қылмысты ашу мақсатында полиция басқармасында жергілікті полиция қызметінің полицейлері мен жедел уәкілдері арасынан жедел-тергеу тобы құрылды. Полиция қызметкерлері куәгерлерден жауап алу, аймақтарды тінтіп шығу бойынша бірқатар шараларды іске асырды.

Түркістан қаласының полицейлері жедел-іздестіру шарасы барысында күдікті ретінде жергілікті тұрғынды құрықтады. Ұсталған тұрғын өз кінәсін толығымен мойындады. Тергеу барысында оның тағы бір мал ұрлығы жайтына қатысы бар екендігі анықталды. Осылайша, өткен жылдың желтоқсанында мал ұрысы басқа бір жергілікті тұрғынның 200 мың теңгеге бағаланған сиырын ұрлап кеткен.

Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 188-бабы «ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты зат ретінде тәркіленген мал заңды иесіне қайтарылды. Түркістан қаласының полицейлерімен күдіктінің тағы да басқа осы жайтқа ұқсас қылмыстарға қатысы бар жоқтығы анықталуда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері мал иелеріне жеке мүліктерін сақтау мен қорғау шараларын күшейту керектігін айтады. Жауапсыз болып, малдарды бос жайылымға қараусыз жібермеу керек. Сондай-ақ, мал ұрланып немесе жоғалған жағдайда уақыт өткізбей тез арада полиция қызметкерлеріне хабар берген жөн.

Ұрылардың құрбаны болмас үшін үй малдарын қараусыз қалдырмай, қойшы жалдап, қора жайларды мықтап бекітіп, жарықтандырып, иттерді күзетке қойған дұрыс. Әр малға арнайы белгі салынып, таңбалануы тиіс.

Егер де сіз қандай да бір қылмыстық оқиғаның, ұрлық жайтының куәгері немесе құрбаны болсаңыз, малыңыз жоғалып кетсе тез арада полицияның 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.

ТО ПД-нің баспасөз қызметі