Данат Жумин дендросаябаққа кіру ақысы туралы: «Біз бәрін мүлде басқаша шешуді жөн деп таптық…»

459
shymkent.gov.kz

Осыдан аз ғана уақыт бұрын Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин әлеуметтік желіде дендросаябаққа кіру ақысы туралы жазба қалдырған болатын. Қала тұрғындары өздерінің ұсыныс пікірлерін жазудан қалыс қалмады. Бүгін Данат Жумин осы мәселеге байланысты facebook парақшасында ақжолтай хабарын жеткізді. Сонымен, мархабат…

Естеріңізде болса, бірер апта бұрын қала тұрғындарымен дендросаябаққа кіру ақысын талқы таразысына салған болатынбыз. Байқағанымыздай басым көпшілігінің ойы кіру ақысының 26 теңге болуы тым ыңғайсыз дегенге сайған болатын.

Көпшілік кассаның орнына ақы төлеу үшін автомат қойылғанын қолай көретіндерін байқатты. Сондай-ақ, қала тұрғындарының басым бөлігі бағаны «дөңгелектеу» қажет деп санайтындықтарын ілкілмей жеткізді. Біреулер — 200 теңге, ал енді бірі — 100 теңге, ал қалған басым бөлігі — 50 теңгеге тоқталды. Тіпті бағаны 20 теңгеге дейін төмендету керек деп санайтындар да жоқ емес болып шықты. Және тағы бірнеше адам мүлде ақысыз қылу керектігін айтқан болатын.

Біз осы мәселені қала әкімі Ғабидолла Рахматуллаұлымен бірге талқыладық. Сонымен ең аз түйінді пікір білдірген азшылықтың ойын қолдауға шешім қабылдадық, яғни, — КІРУ АҚЫСЫ ТЕГІН БОЛАДЫ. Бұл ақылға қонымды. Ірі мегаполистердің тұрғындары қаладан алыс емес жерде табиғат аясында емін — еркін тынығуға мүмкіндігі болуы тиіс. Бұл тұрғындардың денсаулығы мен көңіл күйінің көтеріңкі болуы үшін маңызды.

Дендросаябақ қаланың және оның әрбір тұрғынының меншігі. Адамдар табиғат сұлулығынан ешқандай ақысыз ләззат алсын.

Мұнда сіздерге ақы төлеуден бас тарту туралы шешімді тек әкім ғана қабылдамайтындығын ескерткім келеді. Дендросаябақ ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып саналады. Сондықтан, кіру ақысын алып тастамас бұрын, оны бірқатар билік органдарымен келісіп, мәслихат депутаттарының келісімін алуымыз керек. Ол шамамен 2 айға созылады. Әкімдіктің ұсынысы қолдау табатынына сенімдімін.