Шетелдіктер қылшық жүнді қазақы қой етіне сұранысты арттырып отыр

998

Қазығұрттық шаруалар қой шаруашылығын қолға алған. Шарбұлақ ауылындағы 10 мың басқа лайықталып салынған бордақылау алаңында қазір екі бірдей қой тұқымы бағылып жатыр.

Шаруалар асыл тұқымды қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы және меринос қойларын баптап, ет өндірісіне бет бұрған. Келісін нарық бағамына қарай 1300 теңгенің айналасында саудалайды. Қазығұрттың қойларына Араб елдері де қызығушылық танытып отыр екен.

Нұржан Аширов, серіктес директорының орынбасары: «Қылшық жүнді құйрықты қойларға шетелдіктердің сұранысы зор. Алматыда меринос қойлар өтімді».
Бүгінде нарықта қой етіне сұраныс артып отыр дейді шаруалар. Бұл өз кезегінде ауданда осы кәсіп түріне қызығушылық білдіріп отырған кәсіпкерлер санының артуына себеп болуда. Әуелден-ақ мал асырап, жан бағудың көзін тапқан қазығұрттық шаруалар тауарларын Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Араб елдеріне саудалауда. Айналдырған бір жыл ішінде ауданда былтыр 400-ге жуық мал бордақылау алаңы ашылыпты.

Серік Нұрманов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары: «Былтыр ауданда 392 алаң салынды. Онда қазір уақ, ірі қаралар бағылып жатыр. Шаруаларға субсидия, көмектер уақытылы беріліп жатыр».

Шаруалар малдың жем-шөбін сатып алмайды, өз шаруашылықтарында өсіреді. Егістік пен мал шаруашылығын қатар түлетіп отырған кәсіпкерлер жуырда өсімдік майын өндіру цехын да қолға алған. Жылына мың тонна өнімді саудаға шығаратын шарауалар жергілікті нарықтан бөлек Қытай еліне де тауар экспорттайды.

Мақпал Рысбаева