Шымкенттік жолаушыларға билет тарату ұмыт қалған

344

Қоғамдық көлікке мінгендерден жолақысын санап алатын кондукторлар, билет таратуға келгенде құлықсыз. Яғни, жолаушысының қауіпсіздік кепілі болып табылатын қағазға немқұрайдылық танытады.

Мұндай келеңсіздікке өздері тап болған жауаптылар, қатаң шара көрілетінін қадап айтты. Бүгінгі рейд барысында міндетін орындамаған 5 көлік компаниясының жүргізушілері мен кондукторлары ескерту алды.

Жолаушыларына билет таратпайтындардың бірі — №47 бағыттық көлік. Жолкүресін төлеген әрбір азамат қолына билет алуы тиіс. Мұны кондуктор ұмыт қалдырған. Алайда, олар қызмет көрсететін компания басшылығы келісім жасағанда мұндай олқылық жібермейтіндерін айтып, қол қойған.

Тексерудің аяқ аястынан сап ететінін білмей қалған кондуктор ақталып әлек болды. Ол аздай қызметтік формасын кимеген.

Жолаушы билетін таратпау Шымкентте сәнге айналған. Бұған қалалықтардың да еті үйренген. Бірақ сала мамандары мұны құптамайды. Билет-жолаушының қауіпсіздігінің кепілі екенін айтады.

Наурыз Сүгірәлиев, қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының бас маманы: «Билеттерді бұрын біз СДС арқылы дайындататынбыз. Кейін әр көлік компаниясы өзіміз дайындаймыз деген болатын. Олар міндетті түрде таратуы тиіс”.

Белгілі болғанындай, мың билетті баспадан басып шығару құны — 150 теңге. Яғни, компанияларға салмақ салмайды. Сала мамандарының сөзіне сенсек, әрбір автобус күніне орта есепен 400 билет таратуы тиіс. Енді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар билет таратпайтын көлік компанияларына шара көрмек ниетте. Айта өтейік, Шымкентте жолаушыларға қызмет көрсететін 1100 автобус бар.

Нұрлан Күдерұлы