Жәрдемақысын уақытылы рәсімдей алмаған жас ана апелляциялық сот арқылы алатын болды

259
Baribar.kz

Жас ана жәрдемақысын апелляциялық сот арқылы өндіріп алды. Түркістан қаласының тұрғыны Г. Тәжібаева баласының бір жасқа дейінгі күтіміне мемлекеттік жәрдемақыны сәбиінің аурушаңдығына байланысты уақытылы рәсімдей алмаған. Кейін кеш қалса да, баласының денсаулығы түзелген соң жас ана құжаттарын құшақтап қажетті мекемеге өткізбек болады.

«Азаматтарға арналған Үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» Департаментінің Түркістан қалалық бөлімшесі Г.Тәжібаеваның бала бір жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақыларды алу туралы өтінішін баласының бір жасқа толып қалғандығына байланысты қанағаттандырудан бас тартқан.

Жас ана жәрдемақы алу үшін өтініш беру мерзімін қалпына келтіріп, аталған мекемені жәрдемақы алу үшін құжаттарын қабылдауды міндеттеу жөніндегі талап арызбен сотқа жүгінген. Алайда, бірінші сатыдағы сот талап арызды қанағаттандырусыз қалдырып, анасы мен баласын жәрдемақысыз қалдырады.

Сот қаулысымен келіспеген жас ана Түркістан облыстық сотының апелляциялық сот алқасына шағым арыз береді. Апелляциялық сот алқасының шешімімен жас ана мен балаға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалатын болды.

Жанар Есенбекова