Шымкенттегі «Жабық базар» аумағы үй жануарларын сататын орталық болып танылған. Мұнда ит, күшік, мысық, әтеш, қояндарды саудалауға мүмкіндік мол. Сол себепті де мұндағы антисанитарлық жағдай ұдайы дау-дамайға ұласып жатады.
Осы уақытқа дейін жауаптылар мұндағы демалыс күндері қызатын сауда-саттыққа тосқауыл қоя алмай келген болатын. Алдағы уақытта үй жануарларының жабайы саудасы тоқтатылуы мүмкін.
Шымкенттегі «Жабық базар» аумағындағы заңсыз, құжатсыз жануарларды сатуға тосқауыл қоюға арналған рейдтік іс-шара өтуде. Оған Шымкент қалалық ауыл шаруашылық басқармасы ұйытқы болып отыр. Одан бөлек, Шымкент қалалық Кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы, Абай ауданы әкімдігінің кәсіпкерлікті қолдау бөлімі, Шымкент қаласының «Ветеринариялық қызмет» МКК-і, жергілікті полиция қызметкерлері және «Жабық базар» өкілдері жұмылдырылуда.
Іс-шара барысында базар аумағындағы заңды ветеринариялық құжаты болмаған жануарларды (ит, мысық) сатуға болмайтындығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, базар аумағындағы жануарларды сату бойынша жергілікті полиция қызметкерлері хаттамалар толтырып, жануарларды заңсыз сатушылардан түсініктеме алды.
Ал, базар директоры Бахадыр Усмановқа ветеринариялық-санитарлық талаптардың сақталмауы бойынша ескертулер берілді. Базар директоры алдағы уақытта заңсыз, құжатсыз жануарлардың сатылуына жол берілмейтіндігі туралы хабарлады.