Шымкентте сот Тұран аудандық полиция басқармасының бастығы Нұржан Тілеуовті 6 жылға түрмеге жапты. Сот оны «Пара алу» бабымен кінәлі деп таныды. Дегенмен, сотталушы үкіммен келіспейді. Оның қорғаушысы әрі әйелі бұл қолдан ұйымдастырылған жала деп отыр.
Бүгін Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Тұран аудандық полиция басқармасының бастығы 50 жастағы Нұржан Тілеуовті Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабымен кінәлі деп таныды. Сот оны 6 миллион теңге пара алды деген айыппен 6 жылға бас бостандығынан айырып, полковник шенінен айырды.
Нұржан Тілеуов жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды. Оны ұлттық қауіпсіздік комитеті 2025 жылдың тамыз айында ұстаған еді. Оның сот үкімі күшіне енгенге дейінгі 1 күні жаза мерзімінің бір жарым күніне есептелді.
Ал сотталушы сот үкімімен келіспейді. Оның әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы бұл істі қолдан ұйымдастырылған арандату деп бағалайды. Оның айтуынша, мұны сот тергеуінде дәлелдеген. Жәбірленушінің өзі де мойындаған. Бірақ судья оның бәрін ескерусіз қалдырды деген қорғаушы, үкіммен келіспегендіктен апелляциялық шағым түсіретінін айтады.
Айта кетейік, Тілеуов 2025 жылдың тамыз айында ұсталған. Ол «пара алды» деген күдікке ілінген еді.
Дилара Иса







