Ақ тулы Жабай батырдың туғанына — 290 жыл

962

Жабай батырдың туғанына 290 жыл толуына орай Шымкентте «Ұлы даланың батырлары-ұлттың рухы» атты халықаралық ғылыми-конференция өтті.

ХVIII ғасырда қазақ батырлары бір тудың астында жұдырықтай жұмыла жоңғардың жалауын жығып, Қоқан хандығы мен орыс басқыншыларына тойтарыс берген күресте Жабай батырдың өзіндік орны бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осынау тұлғалар туралы тарихи дерек пен құндылықтар жайлы малұматтарды жандандыру және тарату жұмыстарын жүйелендіруі басты міндетіміз дейді ғалымдар.

Нағашыбек Қапалбекұлы, жазушы, академик, профессор: «Үш жыл бұрын зерттеуді бастадық. Өлкелерді аралап, архивтерден деректер жинадық, кітап шығардық. Өзбекстан, Татарстан, Қырғызстан, Ресейден келіп, арнайы қатысып отырған   ғалымдардың зерттеулеріне бүгінгі конференцияда қанық боламыз. Ұмыт қалған  ұлы тұлғаларымызды елге таныту бағытында еңбек етеміз».

Нағашыбек Қапалбекұлы, жазушы, академик, профессор

Зерттеу нәтижесінде Ташкент қаласынан табылған әулие-әмбилер  туралы жазылған кітапта  Жабай атамыз туралы құнды деректер табылған. Жабай Қазыбекұлының кіндік қаны Сарыағаш ауданындағы Әлімтау елдімекені маңына  тамған екен. 1728 жылы  өмірге келіп, 1810 жылы бақилық болған. Елі, жері үшін талай жорықтарға қатысып үлкен қолбасшы, нағыз ту ұстаушы  сардар екендігін танытып, елдің есінде Ақ тулы Жабай деген атпен есімі қалды.

Айнұр Қыдырбаева, Түркістан облыстық өлкетану музейінің қызметкері: «Жабай батырға Абылай хан ақ туды тапсырған. Жабай қоластындағы сарбаздарының ық жағындағы қалқаны, жау жағындағы панасы бола білді. Конференцияға  музейдегі  бар жәдігерлерді  алып  келдік. Өкінішке қарай,  бізде  Жабай батырға қатысты  жәдігерлер жоқ».

Конференцияға қатысушылар келер ұрпақ алдында жүзіміз жарқын, еңсеміз биік болсын десек кешегі өткен Ұлы Даланың дүбіріндей үні қалған бабалар рухын мәңгі жадымызда сақтап  қана қоймай,  болашақ ұрпаққа  жеткізу міндетіміз деп тарқасты.

Шынар Оразова