Атаулы әлеуметтік көмек алу жолдары түсіндірілді

366

Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVIII съезінде өткен Елбасымыздың берген тапсырмаларын орындау мақсатында «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» алу жолдарын түсіндіру бойынша аудан орталығының, «Ескі қала», «Қарасу», «Отырар», «Самал», «БАМ» шағынаудандардың тұрғындарымен кездесу өткізілді. Кездесуге Жұмыспен қамту орталығы және Тұрғын үй басқармасының мамандары қатысты.

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 %-ынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалатындығы түсіндірілді.

Атаулы әлеуметтік көмек – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекет ақшалай нысанда беретін төлем. Отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік жағдайына байланысты, көмек екі түрге бөлінеді: шартсыз және шартты.

Шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу мүмкіндігі шектеулі аз қамтылған адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер түрінде көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.

Шартты ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (немесе) қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына міндетті түрде қатысу шартымен ай сайынғы немесе біржолғы ақшалай төлем түрінде аз қамтылған адамдарға (отбасыларға) көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.

Қазіргі таңда, Әл-Фараби ауданы бойынша атаулы әлеуметтік көмекті алуға 1393 үміткер отбасы құжат тапсырған, оның 747 отбасыға учаскелік комиссия зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қорытынды шығарған. Қалған отбасылардың құжаттары қаралуда.
Атаулы әлеуметтік көмек туралы ақпаратты алу үшін тұрғындар тұрғылықты мекен-жайы бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығына, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе аудан әкімі аппаратына жүгіне алады.

Әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының мекен-жайы:
– Әл-Фараби ауданы әкімдігі (Тыныбаев көшесі №49 үй).
– Әл-Фараби ауданы бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» (Ш.Қалдаяқов көшесі №13А үй).
– Шымкент қаласының Жұмыспен қамту орталығы (Бәйтереков көшесі №89 үй)