11 баласы бар келестік ана атаулы әлеуметтік көмек алудан бас тартты

82

Түркістан облысы тұрғындарына бүгінде түрлі бағытта қолдау көрсетіліп келеді. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы түсіндіріліп, кәсіп бастағандар қатары көбеюде. Ал біразы жер алып, диқаншылықпен айналысуда.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Келес ауданының тұрғындарымен өткен кездесуінде Біртілек ауылдық округі, Аққорған елді мекенінің тұрғыны, көпбалалы ана атаулы әлеуметтік көмек алудан бас тартты. 11 баласы бар батыр ана егін егіп, өз кәсібін дөңгелетуге, ол үшін конкурс арқылы жер алуға деген ниеті барын жеткізді.
– Құрметті әкім мырза! «Ауыл аманаты» бағдарламасына АӘК алушылар да қатыса алады деп естідім. Маған АӘК-тің керегі жоқ. Одан да осы бағдарламамен 2 га жер алып, егін егуді қолға алмақпын. Аллаға шүкір, 10 қызым, 1 ұлым бар. Өз-өзімді бағып кетемін, – деді батыр ана.
– Бір қол соғып қойыңыздар батыр анамызға. Еңбектенем деген адамға мүмкіндік көп. Міне, 11 баласы бар, АӘК керек емес деп отыр. Жер мәселесіне келсек, «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша, сізді кооперативке мүше етіп кіргізіп, жергілікті әкімдік арқылы жерді пайдалануға беруге болады. Өзіңіз өңдейсіз. Қажет болса сізге 2,5% несие де бере аламыз, – деді облыс әкімі.
Соңғы онжылдықта елдің әл-ауқатын көтеру мақсатында әлеуметтік төлемдерге де жақсы көңіл бөлінді. Әсіресе көпбалалы отбасылардың тұрмыстық жағдайын көтеру және отбасылық кәсіпті дамыту үшін «Өрлеу» секілді әлеуметтік төлемдер берілді. Бұдан кейін «Атаулы әлеуметтік көмек» тағайындала бастады.