Шымкентте 6 мыңға жуық отбасына қаржылай көмек тағайындалды. Мамрахан Бекметова 7 баланың анасы. Алғашқылардың бірі болып, атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсырған ол бүгін қаржылай көмекке қол жеткізді. Қуанышы қойнына сыймаған кейіпкеріміз қаражатты күнкөрісті жақсартуға жұмсасам дейді.

Мамрахан Бекметова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үкімет балаларға жағдай жасап отыр. Көп рахмет! Жұмыспен қамту орталығының мамандары құжаттармызды еш қиындықсыз қабылдады. Қазір қуанып тұрмыз».

Тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмекті дер кезінде үлестіру үшін қазір мамандар күні-түні жұмыс істеп жүр. Халыққа ыңғайлы қызмет көрсету үшін аудан әкімдіктерінде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында қала бойынша 8 жерде жұмыспен қамту орталығының бөлімшелері ашылған. Қабылдау орындарына 150 адамға дейін жұмылдырылған. Олар сәуір айы басталғалы 14000 – нан астам тұрғыннан жаңа өтініш қабылдаған.

Гүлжан Құрманбекова

Гүлжан Құрманбекова, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Шымкент қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген отбасыларға сәуір айында қабылданған өтініштердің барлығы қамтылады. Сонымен қатар, қала тұрғындарының әлеуметтік көмек ала алмай қаламын деген күдіктің болдырмауын және барлық сәуір айында өтініш білдірген отбасыларға толыққанды заң аясында өтініштер қаралып, толық қамтылады».

. Салаға жауаптылар атаулы әлеуметтік көмекке қаралған қаражаттың жеткілікті екенін айтады. Сондықтан да көмекке зәру тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Айта кетейік, былтыр Шымкентте 10 мыңнан отбасы атаулы әлеуметтік көмек алыпты. Биыл бұл жәрдемді алатындар саны едәуір артпақ.

Мақпал Рысбаева