Дендросаябаққа кәсіпкерлер балалар алаңшасын салып бермек

199
VITALIK.kz

Асанбай Асқаров атындағы Шымкент дендросаябағы қалалықтардың ең сүйікті орындарының біріне айналуы тиіс. 117 мың гектар алқапты алып жатқан саябақты көркейту үшін кәсіпкерлердің қолдауы қажет. Шаһар басшысының бұл ұсынысын жергілікті кәсіпкерлер қолдай кетті. Олардың арасында балалар алаңшасын салып береміз деп құлшынып отырған бизнес өкілдері де бар.

Демалыс күндері Шымкент дендросаябағына келетін қалалықтардың саны орта есеппен 5 мыңға жетеді дейді сала мамандары. Келушілердің қатарын көбейту үшін әрине саябақты көркейту қажет. Осы мақсатта кәсіпкерлер мен жергілікті билік өкілдері саябаққа арнайы келіп, болашақта қолға алынатын нысандар туралы ой бөлісті.

Айта кетейік, өткен жылы бюджеттен 290 млн. теңге қаражат бөлініп, саябаққа кіретін қосымша екі қақпа тұрғызылды. Салауатты өмір салтын ұстанатындарға ыңғайлы төсеніштен жүгіру және веложолдар салынды.

Қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалаған шаһар басшылығы мердігерлерге жаяу жүргіншілерге арналған 8 мың шаршы метр жолдың кей бөлігін қайта төсеуді тапсырды.

Биыл Шымкент дендросаябағына алғашқы тал дарағының отырғызылғанына 40 жыл толады. Бүгінде мұнда 95 мың түп көпжылдық түрлі ағаштар бар. Алайда оларды суару жүйелері сын көтермейді. Сала мамандары осы олқылықтарды түзету үшін биыл бюджеттен 11 млн. теңге қаралып отыр дейді.

Ахмет Татыбаев, Шымкент қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: “Бұл жер 117 мыңтар алқапты алып жатыр. Кейбір жеріне су жетпейді, темір құбырлар шіріген. Біз қалпына келетінін жөндеп, жөнге келмейтініне жоба жасадық. Сол жобада қанша қаражат керек екендігі белгілі болады»..

Дендросаябаққа келген қонақтар үшін жасалған жолсілтегіш картаны да жаңарту қажет. Әжетхана мен ауызсу мәселелеріне де ден қою қажет екен. Шаһар басшылығының дендросаябақты көркейтуге өз үлесін қосамын деген кез-келген тұрғынға есігі ашық.

Нұрлан Күдерұлы