Шымкенттегі иран этномәдени бірлестігі аз қамтылған отбасын қамқорлығына алды. Жыл басынан қазақтың түрлі салтын жаңғыртып келе жатқан ассамблея орталығының бұл бастамасы «Асар» деп аталады. Бұған дейін ұйым «Сарқыт», «Сыбаға», «Шашу» дәстүрлерін жаңғыртқан еді.
5 бірдей баласымен пәтер жағалап жүрген Гүлжаухар Спатаева Жетісай ауданынан көшіп келген. Жолдасының жұмысы бойынша Шымкентке қоныс аударған отбасынан отағасы осыдан 3 жыл бұрын бас тартады. Содан бері жалғызбасты ана күйеуінен көмек көрмеген. Тек қайырымды жандардың қолдауы қуат беріп жүр екен.
Гүлжаухар Спатаева, көпбалалы ана: «2013 жылы Шымкентке күйеуіммен арман қуып көшіп келдік. Пәтерден пәтерге көшіп жүріп, жетіспеушіліктің кесірінен ажырасып кеттік. 5 баламмен пәтер жалдап жүрміз. Бұл кісілерді бірінші рет көріп тұрмын, рахмет, қолдан келгенше көмектерін беріп жатыр».
Жалғызбасты ананы бүлдіршіндерінің тәрбиесі мен тамағы ғана алаңдатып қоймайды. Одан бөлек 19 жастағы арбаға таңылған ұлы бар. Түске дейін мектеп еденін жуып келсе, түстен кейін тұңғышының қамын жасайды. Осыны естіген Иран этномәдени бірлестігі отбасыға асарлатып көрмек көрсетуді жөн санапты.
Сулеймани Мами, Иран этномәдени бірлестігінің жетекшісі: «Барлық диаспора келдік. 10 адам келдік. Көмектесеміз. Аяқжол жасадық, жертөле қаздық. Енді бір — екі сағатта бітеміз».
Отбасын қамқорлыққа алған жандар бүгінге бірқатар шаруаны аяқтады. Есік алдына тас төсеп, азық-түлікті қамдағандар асардың мұнымен бітпейтінін айтады.
Назерке Үкібасова