Иттерді оқшаулау орнының құны қымбат

812

Шымкентте қаңғыбас ит мен мысық азаюы мүмкін. Оларды уақытша ұстау орталығы салынбақ. Жобаны іске асыру үшін қала әкімдігі «Ақжар» елді мекені маңынан бір гектар жер телімін бөлді. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда ауланған ит пен мысықтарды ұстау орны жалға алынған.

Сала мамандарының айтуынша, Шымкент қалалық ветеринариялық қызметі мекемесіне қарасты ит аулайтын 12 бригада бар.

«Достық» шағынауданы тұрғындарының шамына қаңғыған иттер тиіп біткен. Бұл жолғы шақыртуға үш бірдей бригада жұмыла келіп, жұмыс істеді. Күніне 150-200 ит ұстаймыз деген мамандар әупірімдеп жүріп төрт итті әрең аулады. Өкініштісі сол, мұндай жайбасарлықпен мегополисте күннен-күнге көбейіп жатқан иттерді жою мүмкін емес. Есесіне, жасы мен кәрісі жаяу жүруден қорқады.

Арнаның түсіру тобымен ит аулау шарасын бақылаған ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мамандары да ит пен мысықтың тым көптігіне көздері жетті. Ит аулауға тек тұрғындардың тапсырысымен шығамыз деген мамандар, енді жұмыстарын ширатуға уәде етті.

Нұрсұлтан Зейнулла, Шымкент қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бас маманы: «Бізде әр бригаданың жауап беретін аумағы бар. Ал бүгінгі келеңсіздік бойынша қызметтік хат жазып, шара көреміз».

Ал арнайы дәрімен және құрықпен ауланған иттер қала сыртындағы уақытша ит ұстайтын орынға тоғытылады. Үш күн ішінде егесі анықталса қайтарылады, ал өзгелері криматориде өртеледі, не беккери шұңқырына тасталады. Иттерді аулап үш күн оқшаулау құны да қымбат. Әр ит басына бюджеттен үш мың теңгеге жуық қаражат жұмсалады.

Нұрлан Күдерұлы