Көктем қарбалас

532

Көктемнің алғашқы айы да ортасына таяп қалды. Бау-бақша,шаруашылық жұмыстарына кірісетін уақыт. Сауда орындары мен базар маңында көшеттер мен түрлі тұқымдардың саудасы қызып-ақ тұр. Көктемде бау-бақшаға «жан бітіру» үшін көшет пен тұқымын сатып алу жеткіліксіз. Егілетін орнын дайындап, жақсы күтім жасамаса, нашар өнім береді. Арнайы маманнан көктемде бау бақшаға не отырғызуға болатынын, қалай отырғызу керектігін, нені елеп ескеруді және көшетті қалай таңдау қажет екенін сұрадық.

Көктемде егетін ағаштар

Көктем мезгілінде отырғызылған көшеттер көп күтімді қажет етеді. Шымкент қалалық «Экологиялық орталығы» КММ қосымша білім беру педагогі Ғазиза Мұстафина осылай айтады. Оның сөзінше, көктемде топырақтың температурасы +5 градустан жоғары болса, жеміс ағашы көшеттерін отырғызуға әбден болады. Оның ішінде алма, алмұрт, шие ағашы, көкөрік, жаңғақ ағаштарын отырғызу үшін ең ыңғайлы мезгіл. Сондай-ақ қарақатты шабақтап отырғыза бересіз. Ескертетін жәйт, алма көшеті егілетін жерде бұрын-соңды жеміс ағаштары егілмеген болуы шарт. Ал олар сіз күткендей жеміс беруі үшін жердің құнарлығын ескеріп, алдын ала дайындалған жерге отырғызу керек.

Ғазиза Мұстафина, Шымкент қалалық «Экологиялық орталық» КММ қосымша білім беру педагогі:
–Көктемде алдын ала дайындалмаған жерге қанша көшет отырғызсаң да, көкөніс ексең де ол жерсінбейді, жеміс бермейді. Сол үшін көктемгі көшет отырғызамын жерді күзде түрлі тыңайтқыштар сеуіп, бір рет аударып қойған дұрыс. Ең пайдалысы, ол – көң немесе күзде ағаштардан түскен жапырақтар. Оларды өртеп жіберуге немесе сыртқа қоқыс ретінде шығарып тастауға асықпаңыз. Тиісінше, көктемде көшет немесе көкөніс еккіңіз келген орынға жиналған жапырақтардың көлеміне қарай шұңқыр қазып, сонда көміп тастау керек. Сол кезде өнімнің өсімділігі жоғары болмақ. Өйткені, шіріген жапырақтың тыңайтқыш белсенділігі сиырдың жапасымен бірдей. Екеуінің құрамындағы азот пен фосфор мөлшері тең болады.

Шұңқырды қалай қазамыз?

Жеміс ағашы көшеттеріне арналған шұңқырды кем дегенде 2-3 ай бұрын дайындаған жөн. Өйткені қазылған топырақ күннің жылуын бойына сіңіріп, қажетті элементтерді алып үлгереді. Қазылатын шұңқыр неғұрлым терең болса, соғұрлым жақсы. Әр шұңқырдың тереңдігі 80-100 сантиметрден, ал диаметрі бір метрден кем болмағаны дұрыс екен.
Отырғызу үшін биіктігі 1,2-1,5 м болатын жас (2-3 жылдық) ағаштарды таңдаған жөн. Көшетті отырғызар алдын ағаштың орталық тамырын 1 см-ге дейін қырқу керек. Сондай-ақ, егілетін ағаш көшеті ұзын болса, оның артық бұтақтарын қысқартып, қырқып тастаған абзал. Әсіресе, астыңғы жақ шыбықтарын кесіп тастаңыз. Бұл ағаштың жақсы дамуы-на сеп. Ағаш көшеті бой алып кетсін десеңіз қазылған шұңқырдың түбіне қалыңдығы 8-10 см болатындай етіп, қиыршық тас, ұсақ тас, ірі қиыршақ тас, керамзит, уатылған кірпіш немесе басқа да ірі түйіршікті материал төсеу қажет.

Маманның сөзінше, содан кейін шұңқырға 3:1 есебімен көң араластырылған топырақ сепкен жөн. Өйткені біздің өңірдің топырағының құнары төмен, сондықтан топыраққа малдың тезегін немесе басқа да химиялық тыңайтқыштарды араластыруға болады. Шұңқырға топырақты сепкеннен кейін, көшет отырғызуға болады. «Өсімдікті отырғызу – істің жартысы ғана», дейді Ғазиза Мұстафина.

Көшеттерді қанша уақыт суарады?

Енді оған күтім керек. Суаруға қолайлы болу үшін суару қуысын (ағаш діңінің айналасына) жасайды. Қуысты кем дегенде 30-45 күн бойы суарады. Суару уақытын ағаш діңінің айналасындағы топырақтың кебуіне қарап анықтауға болады. Ал жиілігі мен мөлшерін ауа-райына байланысты өлшеуге болады. Көшетті отырғызғаннан кейінгі бірінші жылы тек органикалық тыңайтқыштарды ғана пайдаланған жөн, минералдарды келер жылдары қосуға болады.
Ғазиза Мұстафина бүгінгі көшет ертеңгі жеміс ағаштары екенін естен шығармауды ескертті. Яғни, көшеттерді қондырған кездегі ара қашықтықты міндетті түрде сақталуын қадағалаңыз. Сондай-ақ көшетті кеміргіштерден және басқа да зиянкестерден қорғау үшін ағаштың діңін әктеген жөн.
Көктем жылы мезгіл болып есептелсе де сәуір айларында жел тұрып, күн суытып жатады. Осыны ескерген маман, жас ағаштар желдің күшінен сынып қалмауы үшін биік тақтайға байлап қоюды ескертеді.

Көшетті қалай таңдаймыз?

Топырақтың құнарлылығы, суа-ру, тыңайтқыш – мұның бәрі өте маңызды, бірақ бастысы отырғызатын материалды дұрыс таңдау керек.
Көктем шығысымен, базарлар бау-бақша дақылдардың тұқымдары мен жеміс-жидектің, әр түрлі сәнді гүлдердің жас көшеттеріне тола кетеді. Бірақ байқасаңыздар, оны сатып тұрғандардың барлығы бау-бақшаның қыр-сырын білмейді, көбісі алыпсатарлықпен айналысады. Нәтижесінде, алма көшетін алған азаматтың үйінде айва ағашы жеміс беріп тұратын жағдайлар көп кездеседі,-дейді Ғ. Мұстафина.
Осылай деген маман көшет таңдауда ескеру керек жағдайларға тоқталды. Олар:
көшет сатып алуға ең қолайлы уақыт таңғы сағат 10-11-дің арасы болса, сол күні түс ауа отырғызып үлгергеніңіз жөн. Яғни, күндізгі ыстықтың райы қайтып, кешкі салқын түсе бастағанда көшеттер қоршаған ортаға жақсы бейімделеді;
кей тамырды тіліп көруге болады. Ол ақ түсті болуы тиіс, қоңырқай түсті болса, онда оның үсігені немесе кеуіп кеткенінің белгісі;
тамырының сабақтары көп болғаны жақсы;
жақсы өсірілген көшет сабағының қалыңдығы 8-10 мм-ден кем болмайды. Егер өсімдіктің диаметрі 3-4 мм-ден аспаған әрі әлсіз болса оған жоламаңыз.
2-3 жылдық көшетті таңдаған дұрыс, олардың әрі қарай бой алып кету деңгейі жоғары;
көшеттің жапырағы өзінің табиғи түсіне сай болуы тиіс. Жапырақтың табиғи түрінен бөлек қою-жасыл түсте болса, оны азотпен артық қоректендіргеніннің белгісі. Мұндай жағдайда ол тез сынғыш келеді.

Көкөністерді көктемде егіңіз

Ағаш көшеттерінен бөлек, көктемде көкөністер те егеді. Соның ішінде көк шөптерді дәл қазір ексе, өте жақсы өнім береді. Олар: ақжелкен (петрушка), аскөк (укроп), иісті желкен (сельдерей), қымыздық (шавель). Сондай-ақ, тұқымын сеуіп егетін сәбіз, пиаз, шалғамды да қазірден еге беруге болады. Ал қызанақ, қиярды егу мамырдың бірінші онкүндігінде жүргізіледі. Уақытша жабында өссе, сәуірдің соңында отырғызуға болады. Ал картопты сәуір айының соңында отырғызып бастау қажет. Көкөністерді отырғызу алдын да топырақты алдын ала дайындап, құнарландырған дұрыс екен. Ал көкеністер көктегенге дейін қатарлар арасын қопсытып, арамшөптерден бірден тазартып тұрады.

Көктемде егілетін гүлдер

Дәл осы наурыздың күндері үйдің алдына раушан гүлі, бақыт гүлі немесе хризантеманың көшеттерін отырғызуға болады. Ал топырақ толығымен ылғалдығын жойып, жылыған кезде, яғни наурыз айының соңына қарай шырайгүл (петуния),барқытгүл (бархатцы), виола, дельфиниум, календула және т.б. гүлдердің ұрығын сеуіп тастайды.
Көктемде бөлме гүлдерінің топырағын қопсытып, мейлінше тыңайтқыштармен қоректендіреді.
–Гүліңізге арнайы сай келетін тыңайтқышты пайдаланыңыз. Ол үшін гүл өсіруші мамандардың көмегіне сүйенуге не тыңайтқыш салынған қорап сыртындағы нұсқаулыққа мұқият болыңыз. Сондай-ақ гүлдер желорайда (сквозняк) тұрып қалмауы керек. Гүл егілген құмыраны теледидардың, музыкалық орталықтың және сол сияқтылардың жанына қоймауға тырысыңыз, вибрацияның да гүлге кері әсері бар екен.

ТҮЙІН: Бабына келтіріп, көкке нәр берсең, тіршіліктің, табиғаттың сәніне айналады. Ал ұқыптылықпен отырғызылған бау-бақша өнімдері жылдар бойы өз жемісімен бір ғана сізді емес, өсіп келе жатқан бала-шағаңызды да қуантады. Ол үшін біз айтқан ережелерді ескерсеңіз болғаны. Ал сіз биылғы көктемге дайынсыз ба?

Әлия Әділбек

«Оңтүстік Рабат» газеті, №11, 13 наурыз 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті