Кәсіподақ өкілдері Наурыз тойын тойлады

211

Шымкент қаласы бойынша 10 мекеменің 165 жұмыскер алдындағы 57,2 млн. теңге жалақы қарызы қордаланып отыр. Онымен қоса Шымкент қалалық кірістер департаментінің мәліметіне қарағанда 2 мекемеде оңалту рәсімі жүріп жатса, 2 мекеме банкрот болған.

Жалпы осы 4 мекеменің 86 жұмыскер алдындағы 29,8 млн. теңге жалақы қарызы бар. Бұл туралы бүгін Түркістан облысы және Шымкент қаласы кәсіподақ ұйымдарының «Наурыз» мерекелік іс-шарасы аясында 28-сәуір дүниежүзілік еңбек қорғау күніне арналған «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» тақырыбындағы семинарында айтылды.

Бірлестік төрағасы Берік Бекжанов қалада жыл басынан бері 21661 кәсіпорын (592 мемлекеттік және 21069 жекеменшік) жұмыс жасап тұр дейді. Олардың ішінде бүгінгі күнге жалпы 1033 мекемеде (4,8%) ұжымдық шарт жасалған. Оның ішінде: жұмыс жасап тұрған мемлекеттік кәсіпорын 592 немесе 100% және жекеменшік кәсіпорын 441 немесе 2,1%, ал 20628 (95,2%) мекемеде ұжымдық шарт жасалмаған. Өйткені оларда кәсіподақ ұйымдары ашылмаған екен. Еңбек дауларын дер кезінде шешуде ұжымдық шарттың жасалмауы себеп болады екен.

Айта кетейік, дүниежүзілік еңбек қорғау күні қарсаңында кәсіподақ өкілдері Наурыз алаңында Наурыз тойын тойлады. Көпшілік көрмелерді, спорттық жарыстарды, әдеп-ғұрып және салт-дәстүр көріністерін тамашалады. Киіз үйлерде дайындалған ұлттық тағамдардан дәм татты. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.