Úı ANONS «Биші робот, ЖИ жүргізуші»: Наурыз мерекесін тойлауға 314 млн. теңге бөлінді

«Биші робот, ЖИ жүргізуші»: Наурыз мерекесін тойлауға 314 млн. теңге бөлінді

Биыл Шымкент қаласында ұлыстың ұлы күні, Наурыз мерекесі ерекше форматта атап өтіледі. Яғни, роботтар қазақша киініп, концерттерді жасанды интелект жүргізеді. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары көктемнің шуақты мейрамын он күн бойы тойлайтын болады. Бұл мерекелік шараларды ұйымдастыруға қалалық бюджеттен 314 миллион теңге бөлінген.

Биылғы наурыз мерекесі тосын сыйға  толы болмақ. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді. Оның айтуынша, наурыз көрісу күнінен бастау алып, он күн бойы тойланады. Мерекелік бағдарлама аясында қала бойынша ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті дәріптейтін түрлі іс-шаралар өтеді.

Мәселен, тіл үйіретін тағамдар әзірленіп, саусағынан бал тамған аспаздар сынға түседі. Бұдан бөлек, елімізге танымал өнер жұлдыздары әннен шашу шашады. Ал, концерттік бағдарламаларды жасанды интеллект жүргізетін болады. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, этноауылдар мен театрландырылған қойылымдар көпшілікке ұсынылмақ.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Сондай-ақ мерекелік шаралардан бөлек, осы алаңда робототехника көрмесі, аспаз, ұлттық киім киген роботтар, интерактивті пианино, қазақтың көшпелі өркениеті мен салт-дәстүріне ұлттық ойындарын виртуалды нұсқада насихаттайтын виар ойындары алаңшалары, цифрлық киіз жасақталатын болады. Концерттік ерекшелігі жасанды интелект жүргізуші мен  робот бишілер болатын болады».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы Наурыз тек дәстүрлі шаралармен шектелмей, тұрғындар үшін түрлі тосын сыйларға да толы болмақ. Қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше шоу-бағдарламалар, флешмобтар, интерактивті ойындар және жастарға арналған мәдени-ойын-сауық жобалары күтеді. Ал, бұл мерекелік шараға қанша қаржы жұмсалды?

БАУЫРЖАН ОРЫНТАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Наурызды мерекелеуге 322 млн. теңге қаржы қаралған. Ашық конкурстың нәтижесімен жеңімпаз 314 млн. теңгеге ұтып алды. Қаланың орталықтарында, жалпы алты локацияда наурыз тойланатын болады».

Осы жерде мерекені креативті ұйымдастырып, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл сыйлайтын жеңімпаз мекемені нақтылауды жөн көрдік. Алайда осы тұста, неге  екені белгісіз мәдениет басқармасының басшысы алматылық компанияны жасырғысы келгендей көрінді. Әлде шын мәнінде есінде сақтамады ма?

«Алматылық компания. Негізі евент саласында осындай іс-шараларды ұйымдастыру барысында жүрген компаниялар аса көп емес. Солардың бірнешеуі қатысты.  Наурызнама 14 наурыздан басталады. 24 наурызға дейін созылады. Он күндік наурызды ұйымдастыру солардың мойнында. Бір ғана орталық алаңда емес, олар бес ауданда сахна құрады».

Сонымен, биылғы Наурыз мерекесін  ерекше атап өту жоспарланып отыр. Алдымен қала тұрғындары көрісіп қауышса, жаңару күнін тойлайды. Мұнан соң, қайырымдылық жасап жарысады. Мерекеде сонымен қатар отбасылық құндылықтар дәріптеліп, ұлттық киімдер насихатталатын болады.

Нұргүл Жолымбетова