Әлиханның арман-мұраты — ұрпаққа аманат

169

Алаш зиялыларынан қалған аманат. Маңғыстау театры Алаш көсемі — Әлихан Бөкейханның арман-мұратын сахнаға шығарды. Қазақтың маңдайына біткен азамат. Абақты ғұмыр. Құрсаудағы қайсарлық, жүйедегі озбырлық. Ұлт болашағы жолында жанын қиған Әлиханның өткеннен бүгінге жолдаған аманатын сахна төрінде көрініс тапты.

«Әлиханның аманаты» ең алдымен сөз құдіретін алдыңғы орынға шығарған дүние. Қойылымның басты ерекшелігі де сол, мұнда іс-әрекеттен көрі сөз драматургиясы басым. Яғни, сахнадан іздеген іс-қимылды көрермен ішкі жан дүниесінде сезінеді. Мұнда айтылған әрбір сөз тыңдап, түсіне білген адамның санасын оятып, көкірегін кернейді.

Қойылымда бір туар тұлғаның қамаудағы жылдары суреттелген. Мұнда көрермен ұзақ уақыт тергелсе де ұлт көсемінің мойымаған ұлы бейнесіне куә болды. Тіпті, есті сөздері арқылы тергеушінің санасын өзгертіп, жүрегіне мейірім сыйлай біледі. Оның адами қасиетін қайтарған Әлиханның сөздері келушілерге де ой салғаны рас.

Медғат Өмірәлиев, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты: «Әлихан Бөкейханның әрбір сөзі кейінгі ұрпаққа аманат. Спектаклдің айтпағы да сөз қадірін ұғатын жанға түсінікті. Қазақ халқының ұлан байтақ жері мен асыл діні және таза тіліміз біздерге алаш зиялыларынан аманат. Ал, сол аманатты арқалай бІліп кейінгі ұрпаққа тапсыру да қазіргі жас буынның борышы болмақ».

Жанерке Хумар