Мақтаарал ауданы Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінде «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай» деген атпен келіндер сайысы өткізілді. Ұйымдастырушылар Мақтаарал аудандық «Әжелер алқасы» мен «Аналар алқасының», аудандық «Жастар ресурстық орталығы». Әр ауылдың үздік деген 6 келіні қатысты.
Бүгінде ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртып, жас келіндер арасында инабатттылық пен ибалылықты дамыту, үлкенді сыйлау, келін мен қайын сіңлі арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында өткен сайыста қатысушылар «Сәлем – сөздің анасы», «Ойлы болсаң, озып көр!», «Өнерлі келін – сүйкімді», «Сөз тапқанға – қолқа жоқ», «Саусағынан бал тамған келіндер-ай» және «Үй тапсырмасы» сынды 6 бөлім бойынша өзара үздікті анықтады.
Келіндер бойларына ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыған өнерлерін көпшілікке ұсынып, салт-дәстүрлерге байланысты «Тұсау кесер», «Бесікке салу», «Келін түсіру» және «Беташар» сынды көріністер көрсетіп, әдет-ғұрыптан қаншалықты хабардар екендіктерін дәлелдеп бақты.
Қазақтың ұлттық тағамдарының түрлері мен жасалу жолдары, қонақтың түріне қарай табақ тарту және ұлттық тағамдардың, қазақы сусындардың адам денсаулығына пайдасы жөнінде білімдерімен бөліскен жас келіндер қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып, құрақ құрау түрлері, жолдарын айтып берді.
Сайыс соңында қатысушылар арасында көпшіліктің көңілінен тауып, өзгелерден оқ бойы озық шыққан келіндер жүлделі орындарға ие болып арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Сайысқа қатысушы келіндердің ешбірі сый-сияпатсыз қалмады, әділ қазылардың шешімімен түрлі номинациялар бойынша үздіктер анықталып, марапаттарға ие болды.
Сайыс соңында аудандық «Әжелер алқасы» мен «Аналар алқасы» ұрпақ тәрбиесінде елеулі еңбегі бар ақ жаулықты аналарды «Әлемнің асылы» төсбелгісімен марапаттап, дендеріне саулық тіледі.
«Бүгінде қыз тәрбиесін бірінші орынға қойып, келіндердің аяулы ана, ардақты жар, өнегелі отбасының ұйытқысы екенін тереңінен түсіндіруге бағытталған мұндай игілікті шараны алдағы уақытта ауданның барлық ауылдық округтерінде ұйымдастырып өткізу жоспарымызда бар. Біз осындай бастамаларымыз арқылы ауылдың келіндері арасындағы достықты, ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты нығайтсақ дейміз» дейді Мақтаарал аудандық «Аналар алқасының» төрайымы Сәуле Сейдуалиева.
Жанар Есенбекова