«Құтыдағы құлыншақтарды» көбейту үшін бөлінетін квота азайып кеткен

181

«Елімізде бедеулік дертінің белең алғаны соншалық, әрбір 6-шы жанұя бала сүйе алмай отыр». Бұл Шымкент төрінде 2-ші рет өткізіліп отырған жиында айтылған өзекті мәселе. Ақ халаттылар құрсақ көтере алмай жүрген келіншектердің көпшілігінің медициналық сауаты аз әрі оны емдейтін кәсіби мамандардың жоқтығын айтады.

Салтанат Байқошқарова, репродуктолог-эмбриолог, биология ғылымдарының докторы: «Мысалы, жылдар бойы жүреді емделмей, бір дәрігерге барады. Ол бір екі жыл емдейді. Содан кейін екіншіге барады. Тағы да емдейді. Сөйтіп жүріп жылдар өтеді. Қаншама килограм-килограм дәрі ішіледі. Оның бәрі организмге зиян. Егер ол сауатты репрудоктолог-гинеколог болса, оны қысқа мерзімде 1-2 жыл ішінде жүкті етіп шығарып, ана болу бақытына мүмкіндік жасай алады».

Конференцияда Қазақстандағы 16 000 отбасының перзент сүюіне сеп болған ЭКҰ әдісін тегін жасау мүмкіндіктері де айтылды. Мемлекет осыған дейін 2000-ға жуық баланың репродуктивті медицина арқылы дүниеге келуіне жағдай жасаса, биыл оның санын қысқартыпты. Мәселен, облысымызда былтырғы жылы 150 квота бөлінсе, биыл оның саны бар болғаны 50 болып тұр. Ал кезекте 180-нен аса жанұя бар.

Квотаға ілігудің де өз талаптары бар. Ол тек қатты мұқтаж жанұяларға ғана беріледі. Оны қадағайлайтын комиссия тобы да тағайындалған. Ең біріншіден, ерлі-зайыптылардың эмбрионы жанданған болуы қажет. Ешбір ауру-сырқат байқалмауы керек. Сонан кейін, некелері заңдастырылған болулары сынды шарттары бар.

Репродуктивті жолмен бала табу үшін отбасы ең кемі жарты милиион теңгеге дейін қалтасы жұқарады. Ал біздің шымкенттік экоорталықтар тұрғындарға тиімді жолын ұсынбақ.

«Біздің экоорталық сіздерге 170 000 теңгеге медициналық емдеуді ұсынады. Шымкент 17-ші болғандықтан, біз бұл акцияны ұймдастырып отырмыз. Жас отбасылардың қуанышы үшін» дейді орталық мамандары.

Айта кетейік, ЭКҰ медицинаға бөлінетін квота биыл азайғанымен, қалалық басқарма басшылары оның санын арттыру туралы министрлікке өтініш жолдаған.