Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында 1 мамыр күні Қазақстан қалаларында өткен митингілерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат
«Шынында да, азаматтардың митингісі өтті. Олардың бәрі де санкцияланбаған. Бірақ, осыған қарамастан, акцияға қатысушылар еркін түрде өздерінің қоғамдық позициясы мен әлеуметтік мәселелер бойынша ойларын ашық айтты. Өздеріңіз білетіндей, дәл осындай шерулерді біз әлемнің әрбір түкпірінен көріп отырмыз. Қазақстанда әкімдік өкілдері митингке жиналғандардың алдына шығып, олардың шағымдарын тыңдады. Біз конструктивті диалог жүргізуге дайынбыз», — деді Дәурен Абаев
Министр өз сөзінде кейбір азаматтардың ұсталғанын да растады.
«Кейбір азаматтар өздерін агрессивті ұстады және соған сәйкес шара қолдануға мәжбүр етті. Бірақ, оның алдында оларға бірнеше рет ескерту жасалғанын айта кету керек. Бүгінгі таңда азаматтарға осындай акцияларды заңды түрде өткізуге рұқсат алу үшін еш кедергі жоқтығын ерекше атап өтер едім», — деді ол.
Еске сала кетсек, кеше ҚР Ішкі істер министрлігі еліміздің бірқатар қалаларындағы санкцияланбаған митингілер мен адамдардың жиынына қатысты жағдайға түсінік берген болатын.