Аудан әкімі ауызашар берді

421

Қасиетті рамазан айының алғашқы күні аудан әкімі Бақыт Асанов «Гүлсара» мейрамханасында аудан жұртшылығына арнап ауызашар берді. Бұл дәстүрлі дастарханға аудан имамдары, ардагерлер, тұрмысы төмен отбасы мүшелері, әрсалада еңбек етіп жүрген белсенді азаматтар қатысты.

Аудан басшысы Бақыт Асанов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев ауыз бекіткен жандарды қасиетті аймен құттықтап, өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.

Ауызашарда ауданның бас имамы Қуаныш Беймағамбетов ұстаған оразаның қабыл болуына тілектестік білдірді. Сондай-ақ, жамағатқа арнап оразаның пайдасы мен ұстау қағидалары жөнінде, берілетін садақа, қайырымдылық шаралары туралы сөз сөйледі.

Жиын барысында мақтааралдық меценат-кәсіпкер көп жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келген Мамытовтар отбасына баспана сыйлады. Құрылғанына көп бола қоймаған «Мақтаарал баспана» қоры арқылы баспанаға шын мұқтаж отбасын оразаның алғашқы күнінде қуантуды ниет еткен Орынбасар Жұмабаев мұндай игілікті шараның алдағы уақытта да жалғасын табатынын тілге тиек етті.

«Міне, бүгін аудан әкімінің ауызашарында алғашқы көмекке мұқтаж отбасыны қуантып отырмыз. Бұл бастама – басы ғана. Біз бүгінде аудан әкімінен бастап барлық ауылдық округтердің әкімдерінен жер учаскелерін сұрап жатырмыз. Учаске беріліп жатса, біз үй салып беруге дайынбыз» – деді жиында сөз сөйлеген аудандық соттың төрағасы, «Мақтаарал баспана» қорының белсендісі Құнанбай Мұсаев.

 

QAINAR KÓZМақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі