Тұран ауданының әкімі тағайындалды

85

Шымкентте Тұран ауданының әкімі тағайындалды. Бұл лауазымға Берік Әшірбеков лайық деп танылды.

Бүгін сегізінші шақырылымдағы қала мәслихатының кезектен тыс оныншы сессиясы өтті. Күн тәртібінде «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңының 10-бабына сәйкес Тұран ауданының әкімін тағайындау мәселесі қаралды. Мәслихат депутаттары Берік Айдарұлы Әшірбековтің кандидатурасын  бір ауыздан қолдады.

Берік Айдарұлы Әшірбеков 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында туған.

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін, Қарағанды экономикалық университетін бітірген. Мамандығы бойынша біліктілігі – жер кадастры және жылжымайтын мүлікті бағалау және құқықтану.

Еңбек жолын 2005 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ аудандық жер кадастр бюросының технигі, жерге орналастырушысы болып бастаған. Кейін Созақ аудандық жер кадастры филиалының директорының міндетін атқарушы, Созақ аудандық жер кадастры филиалының инженер жерге орналастырушысы лауазымдарын атқарған.

02.06.2008-05.01.2009 жылдары Астана қаласының ғылыми өндірістік орталығы мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпараттық жүйе орталығы бөлімінің маманы;

05.01.2009-01.02.2010 жылдары Астана қаласының жер кадастры ғылыми өндірістік орталығы жер кадастры бөлімінің маманы;

01.02.2010-20.06.2011 жылдары Астана қаласының жер кадастры бойынша ғылыми өндірістік орталығы мемлекеттік жер кадастры орталығы директорының көмекшісі;

20.06.2011-10.04.2012 жылдары Астана қаласының жер кадастры бойынша ғылыми өндірістік орталығы мемлекеттік жер кадастры орталығының өнеркәсіптік-азаматтық мақсаттағы жер учаскелерін рәсімдеу бөлімінің бастығы болған. Кейін Петропавл қалалық «Жер кадастры бойынша ғылыми өндірістік орталығының» республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары болған.

Сондай-ақ Берік Әшірбеков Шымкент қаласы жер қатынастары бөлімінің нұсқаушысы, аталған бөлімнің өндірістік сектор меңгерушісі, Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.

Бұдан өзге Берік Айдарұлы еңбек жолында Созақ ауданы әкімінің кеңесшісі, Алматы қаласында «Алматы тазалық» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары, Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі орынбасары, Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасының басшысы, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары, кейінірек аталған бақарманың басшысы және т.б қызметтерде еңбек еткен.

Берік Әшірбеков Тұран ауданы әкімі қызметіне тағайындалғанға дейін Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы лауазымын атқарған.