Түлкібас ауданының прокуратурасы қолданған шаралардың арқасында «ЕVRASCON» Еуро-Азиялық құрылыс корпорациясы» ААҚ Қызылорда филиалының 300 жұмысшыларына жалақы бойынша жалпы соммасы 63,5 млн. тенгеге берешек өтелді.
Бұл келеңсіздіктер заңдылықтың жағдайына мониторинг жасау барысында айқындалып, филиал жұмыскерлерімен сұхбаттасу кезінде прокурорлар азаматтардың бірқатар басқа да еңбек құқықтарының бұзылып отырғанын анықтады.
Қадағалау актісі негізінде еңбек инспекциясы тексеру жүргізіп, жалақының уақтылы төленбегені, жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы сақталмағаны, жекелеген жұмыскерлермен еңбек шарты жасалмағаны, арнайы киіммен қамтамасыз етілмегені, қауіпті жағдайдағы жұмыстар үшін төлемнің дұрыс жүргізілмейтіні расталды.
Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін уәкілетті орган тарапынан нұсқама берілді. Жұмыс беруші әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған 744 мың теңгеге айыппұл салынды.
Бүгінгі күнге еңбекақы бойынша берешек толық өтелді.
Кәсіпорын тарапынан мұндай заң бұзушылықтар қайталанып жасалғанын атап өту қажет. Өткен жылдың 2-тоқсанында ұқсас жағдайда аудан прокуратурасының қадағалау актісімен 350 жұмысшыға 41 млн. теңгеге жалақы берешегі өтелген болатын.