«Face of Shymkent» тұңғыш рет сұлулық байқауы өтті

470

Шымкентте тұңғыш рет​ өткен сұлулық байқауында 16 жастағы мектеп оқушысы «Face of Shymkent» атағын жеңіп алды. Еліміздің үшінші мегаполисінің келбеті атануға ниетті 200 арудың ішінен 16-сы іріктеліп алынған.

16 мен 25 жас аралығындағы 16 сұлу төрт кезеңнен тұратын сында өзара бақ сынады. Бас жүлде иегеріне​ 500 мың теңге қаржылай жүлде табысталды. Сондай-ақ,​ «Face of Shymkent» атағына лайық деп танылған 16 жастағы мектеп оқушысы Ясмин Нарқұлова  Оңтүстік Кореяда өтетін халықаралық «Asia Model Fectival» байқауына жолдама алды.

«Face of Shymkent» байқауының өзге байқаулардан айырмашылығы, мұнда қатысушылардың өнеріне басымдық берілді. Яғни, қыздардың шығармашылық қабілеттері, ұлттық салт-дәстүрді жетік меңгеруі мен біліміне ерекше назар аударылды»- дейді ұйымдастырушылар.

Сұлуларға қазылық жасағандардың бірі, Орталық Азия аймағындағы Asia Model Festival-нің ресми өкілі — Хара Кан.​

«Аймақтық, қала, облыс деңгейіндегі ұйымдастырылытан сұлулық байқауларының маңызы зор. Себебі, халық ішінен өнерлі бойжеткендерді іріктеп, халықаралық деңгейде еліміздің абыройын асқақтататын арулар осындай байқауларда шыңдалады»,- дейді Кан ханым.

Сайыс қорытындысы бойынша «көрермен көзайымы» номинациясымен Құралай Сейдалы марапатталды.​ Үшінші орынды​ Зарина Лесбек иеленді. Оған 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Екінші орын және 200 мың теңге Наргиз Бақытжановаға бұйырды. Ал жүлделі бірінші орын мен 300 мың теңгелік сертификатқа Арай Мүсілім​ ие болды.»Face of Shymkent» сұлулық байқауы Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет өтіп отыр.

Жанар Есенбекова