Қазақтың ұлттық нақыштағы киімдері аз бен бардың біркиеріне айналмауы қажет. Сахна мен салтанаты келіскен кештерде ғана киілмеуі керек. Ұлттығымызды әйгілейтін киімдерімізді тұрмыста және жұмыста киген жөн. «Жібек жолы айшықтары» ұлттық киім дизайнерлері көрме-байқауының насихаты осы. 30-дан аса шымкенттік ісмердің киім үлгілері сыналған сайыс жоғары деңгейде өтті.
Бүрмелі көйлек, оюлы камзол. Бағалы тастармен безендірілген киімдерге үйлескен зергерлік бұйымдар. Мұның барлығы ұлттық нақышта. Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі ісмерлерінің діттегені баяғының киім үлгісін заманауи сәнмен ұштастыру.
Сандуғаш Серікбай, жас дизайнер: «Біз өз коллекциямызда қазақи нақыштағы ою-өрнекті, зергерлік бұйымдарды жастарға көрсеткіміз келді. Осы өрнектерді араластырған киім үлгілерін сахнаға да, күнделікті жұмысқа да кисе болады. Осылайша жастарға шабыт сыйлағымыз келді».
«Жібек жолы айшықтары» ұлттық киім дизайнерлерінің көрме байқауында еңбек бар. Мұнда көне заманның бейнесі де, түстердің үйлесімі де ескеріледі. Алайда тақырыпқа сай тігілген киім үлгілері өте аз екен. Мұны біз емес, әділқазылар айтты. Олар ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті өмірде көрмейтініне қынжылады.
Эльмира Шермұханбетова, ҚР Киім дизайнерлері одағының мүшесі: «Бізде неге ұлттық киімнің бренді шықпайды? Өйткені біз тек сахнамен қалып кетеміз. Біз әр кезде тек сахна үшін жұмыс істейміз. Күнделікті өмірге біз жұмыс істемейміз. Біздің дизайнерлер кәсібіне деген көзқарасын өзгертіп, өмірмен тілдесу керек».
Ұлттық киім ұлттың танымын көрсететін құндылыққа ие. Байқаудың басты мақсаты да осы: ұлттың рухын көтеру. Жылдан жылға сайысқа қатысушылар саны артқанмен мақсат орындалмай келеді.
Жанерке Хумар