«Жібек жолы айшықтары» байқауы өтті

1250

Ұлттық киім дизайнерлерінің «Жібек жолы айшықтары» атты көрме байқауы басталды. Бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылған шараға өңіріміздің 40-тан аса дизайнері өз туындыларын әкелген. Көз жауын алар киім үлгілері самсаған кешке арна тілшісі де қатысып қайтты.

«Ақбаян» сән театрының сән әлеміндегі жұмысын бастағанына екі жылдай болған. Содан бері атаулы байқауға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Олар бүгінгі көрмеге ерекше күздік киім үлгілерін әкеліпті. 16 киімнен тұратын коллекция «Ең үздік жұмыс киім үлгісі» номинациясы бойынша сынға түсті. Ал, коллекция авторы әрбір жұмысынан қазақилықтың исі аңқып тұрғанын айтады.

Жұлдыз Бакидыр, дизайнер: «Біз ұсынған сәнді киімдердің ерекшелігі күзгі киімдердің жағасы қымбат. Бұл сонысымен құнды. Әрі ою-өрнектер сәтті қолданылды. Ұжымдағы қыз-жігіттер тынбай екбектенді. Модельдерге алғысым шексіз».

Ұлттық киім көрме-байқауында дизайнерлер қазақ халқының мәдениетімен қоса ұлттық құндылықтарын дәріптейтін туындыларын жарыққа шығарды. Мұндағы мақсат – қазақи нақышта заманауи киім кию үлгісін жаңғырту. Сонымен қатар, қазіргі заман талабын ескере отырып, сән әлеміне ұлттық киім үлгілерімен ықпал ету болмақ.

Қатысушылар 5 номинация бойынша жарысқа түсті. Ұлттық ою-өрнекпен әрленген туындылардың арасында көрермен көңіліне қонғандары баршылық. Ұйымдастырушылар келген жұрт разы болса, мақсатымыздың орындалғаны дейді.

Азамат Айтбаев, ұйымдастырушы: «Ұлттық киім біздің мәдениетіміз. Сондықтан да ерекше назар аударуымыз керек. Өңірлік дизайнерлерге осылайша қолдау көрсету де басты мақсат болып тұр. Ал, тамашалап келушілерге сәнді киімдер ұнап жатыр. Біз соған қуанамыз. Дизайнерлердің еңбегі еленіп жатыр деген сөз».

Дәстүрге айналған байқауға биыл жеке кәсіпкерлер белсенділік танытты. Айта кетейік, он саусағынан өнер тамған шеберлердің жұмысын бұған дейінгі жеңімпаздармен қоса өңірімізге белгілі дизайнерлер бағалады.