Түркістанға Саха республикасынан журналистер келді

242

Түркістан облысында түркі әлеміне ортақ құндылықтарды насихаттау, медиа қауымдастықтардың еларалық байланысын нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның бір дәлелі — бүгін киелі Түркістан өңіріне Ресей Федерациясының құрамындағы Саха (Якутия) Республикасынан бір топ журналистер саяхаттап келді.

Қонақтар алдымен Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесімен танысып, ХІІІ ғасырдың ерекше археологиялық ескерткіші Отырар қалашығына табан тіреді. Содан кейін тарихи орындардың тылсымына қанығып, киелі мекендерге қызығушылығы артқан олар Түркістан қаласына келіп, ЮНЕСКО тізіміне енгізілген Қ.А.Ясауи кесенесіне тәу етті.

Содан кейін шетелдік меймандар Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың оқу базасымен танысып, университеттің мәжіліс залында шетелдік жас талапкер студенттермен кездесті. Жиында Түркі әлеміне ортақ тарихи, рухани құндылықтар жайлы, медиа қауымдастықтардың еларарлық байланысын нығайту мәселелері жөнінде салиқалы сұхбаттар жүргізіліп, құнды пікірлер айтылды.

Саха (Якутия) Республикасындағы БАҚ саласының майталман мамандары, ардагер журналистерінен құралған саяхатшы топ Түркістанға сапардың жоғары деңгейде өткенін айтып, облыс әкімдігіне ризашылықтарын білдірді. Өз сөздерінде меймандар бұл өңірдің туризмі мен рухани-мәдени саласы халықаралық деңгейде дамитытына сенімді екендерін жеткізді.