Қызылсайлықтар қалаға қатынау үшін қараңғы тоннельден өтуге мәжбүр

158

Қызылсайлықтар қала орталығына жету үшін тас қараңғы тоннельден өтуге мәжбүр. Талай жылдан бері үнсіз келген жұрт шыдамдарының таусылғанын айтады. Олардың басты уайымы өздері өтетін қараңғы жолдағы қарақшылар. Себебі, жарықсыз тұрған тунельдің үлкендер ғана емес мектеп оқушылары да өтеді.

Жиналған елдің шыдамын шегіне жеткізген жарықсыз тұрған мына тунель. Қалаға баратын төте жолда бұған дейін шам болған. Бірақ, қарақшылар жасаған бұзақылық салдарынан бүгінде қараша халық зардап шегіп отыр. Ал, жауаптылар халық мұқтажына мән бермепті. Жайшылықты жанайқайын естімеген әкімдікке ел енді телеарна арқылы үн қатуды жөн санаған.

Әшіркүл Бердімұратова, тұрғын: «Бұны телеарнаға шығармай-ақ, әрбір әкім мұны өздері жақсы біледі. Барлығын өте жақсы біледі. Тіке жол жоқ. Жедел жәрдем шақырса, біреу ауырса, өрт болатын болса, келіп үлгермейді».

Сөйтсек, бұл жолды Түркісіб теміржолын салғанда көктемгі еріген қар мен малдың өтуіне арнап қалдырған екен. Осылай деген жауаптылар қиранды жолдан енді адамдардың өте бастағанын айтады.

Мұхтар Битеміров, Шымкент қаласы инженерлік желісінің бас инженері: «Машиналар жүретін арнайы жолға жоспар жасалса, оны салуға болады. Бірақ ол үшін алдымен әкімшіліктен қаржы қаралуы керек. Бұл кішігірім мәселе емес. Сондықтан да алдағы уақытта қолға алынуы керек».

Кеш түскенде үрейге, жаңбыр жауғанда батпаққа батыратын бұл жолдан бөлек тағы да үлкен бағыт бар. Бірақ, қалаға апаратын бұл айналма жол тым ұзақ әрі көліктер үшін қолайсыз екен.

Абай Тұрханов, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары: «Бүгінгі таңға дейін жер асты және жер үсті өтпелерінің бірнеше қиылыстарын анықтап жатырмыз. Яғни, темір жолдың жер асты және жер үсті өткелдерін. Егер біз келесі аптада мамандармен бірге бір шешімге келсек, онда бәрі әзірленетін болады».

Егер тараптар бір мәмілеге келсе, жер астына жолы көп кешікпей басталады. Ал жер үсті жолы алдағы жарты жылдықта жасалмақ.

Назерке Үкібасова