Ғабидолла Әбдірахымов: «Келешекте Шымкентте балалар үйі болмауы тиіс»

254

Шымкенттік зейнеткерлер енді бос уақыттарын белсенді әрі қызықты өткізетін болды. Шаһарда алғашқы рет «Асыл жүрек» белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Көпфункционалды орталықта қарттар спортпен шұғылданып, фильм тамашалап, тіпті компьютерді де меңгере алады. Сондай-ақ, мұнда зейнеткерлерге тегін медициналық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Үш қабаттан тұратын орталықта компьютер, физиотерапия бөлмелері бар. Одан бөлек зейнеткерлер кітапхана, жаттығу залы, йога, үстел теннисі мен бильярд үйірмелерінің қызметін пайдалана алады. Бұл орталық қала зейнеткерлерінің белсенді өмір сүруіне сеп болмақ.

Ғалымжан Балтаев, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Бұл орталық күндізгі стационар түрінде. 70 қария келіп қызмет ала алады. Екі режимде яғни, 4-4 сағаттан қызмет көрсетеді».

Орталықтағы қарттарға балалар үйінің тәрбиеленушілері күнделікті қонаққа келіп тұрады. Олар үшін де арнайы ойын алаңдары жасалған. Осылайша егде жастағылардың да, баланың да көңілін табуға тырысқан жоба авторлары орталықтың күрмеуі көп мәселені шешетініне сенеді.

Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Ата-апаларымыз өздеріне жаңа немере табатын шығар. Келешекте Шымкентте балалар үйі болмауы керек. Әр баланың өз үйі болуы керек».

Орталықтың қарттарға қашан да есігі ашық. Зейнет жасындағы уақытын тиімді әрі қызықты өткізгісі келетін егде жастағы азаматтардың кез-келгені мекеме қызметін пайдалана алады.