Úı ANONS Шымкенттік бітімгерлер елге оралды

Шымкенттік бітімгерлер елге оралды

Шымкенттік бітімгерлер Голан жоталарындағы халықаралық миссиясын абыроймен аяқтап, елге оралды. Таяу Шығыстағы шиеленіс ошағында бір жыл бойы қызмет еткен әскери қызметшілерімізді қаруластары мен жақындары салтанатты түрде күтіп алды. Біріккен Ұлттар Ұйымы жүктеген маңызды міндеттерді мінсіз атқарған жерлестеріміздің тыныс-тіршілігі туралы келесі сюжетте

 

Голан жоталарында халықаралық бітімгерлік миссияны абыроймен аяқтаған 3 жерлесіміз елге оралды. Олар бір жыл бойы Сириядағы шиеленіс ошағында қызмет етті. Соның бірі үшінші сыныпты сержант — Мейрамбек Жақыпов. Ол сапар барысында жоғары кәсібилік пен әскери антқа адалдықтың үлгісін көрсетіп, өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз орындағанын айтады.

 

МЕЙРАМБЕК ЖАҚЫПОВ, ҮШІНШІ СЫНЫПТЫ СЕРЖАНТ: «Президентіміздің тапсырмасы бойынша Сирия елінде бітімгерлік миссияны жоғары деңгейде өткіздік деп ойлаймын, ол жақта қойылған барлық тапсырмаларды бұлжытпай жоғары деңгейде орындадық әскер бөлімінің осындай сый құрметпен күтіп алып жатқанына үлкен рахмет алғысым шексіз».

 

Бітімгерлер контингенті Таяу Шығыста мыңнан астам арнайы операцияны сәтті аяқтаған. Оның ішінде аумақты патрульдеу, тактикалық жаттығулар өткізу, жарылғыш заттарды залалсыздандыру және ресми тұлғаларды қауіпсіз аймаққа жеткізу жұмыстары бар. Елден жыраққа аттанып, шыңдалып қайтқан Батырхан Абылай енді жинаған мол тәжірибесін қаруластарымен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

 

БАТЫРХАН АБЫЛАЙ, СЕРЖАНТ: «Голан жоталарында жауынгерлік тапсырмаларды толықтай абыроймен орындадық бүгін бізді қаруластарымыз бөлім командиріміз осындай жоғары дәрежеде күтіп алғанына өте қуаныштымын рақмет келешекте заманымыз бейбіт болсын қаруластарымызға тек тапсырмаларды нықты және жылдам орындауға шақырамын. Біздің ол жақтан алған тәжірибелеріміз өте көп Құдай қаласа қарлығаштарымызбен теңдей бөлісеміз»

 

Еске сала кетейік, Қазақстан Голан жоталарына өзінің алғашқы дербес контингентін 2024 жылдың наурызында аттандырған болатын. Сарбаздарымыз БҰҰ аясында бақылау бекеттерін күзетіп, атысты тоқтату режимін қадағалау мақсатында мониторинг жүргізеді. Жалпы, 2014 жылдан бері 900-ге жуық отандасымыз әлемнің түрлі нүктелерінде бітімгерлік миссияларды атқарды.

Әсел Мәлік