Арыстағы оқ-дәрі қоймасы жойылады

185

Арыстықтар апта соңына дейін үйлеріне оралады. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қала іргесіндегі Ақжол ауылында өткен баспасөз маслихатында мәлімдеді. Өңір басшысы елді мазалаған өткір әрі өзекті сұрақтарға жауап берді.

Арыстағы қауіптің беті сейілді. Облыс әкімі осылай деді. Қазір аймақта өрт толық сөндіріліп, көшелер мен үйлер толық тексеруден өткен. Баспаналарды қалпына келтіру үшін қала 17 секторға бөлінді. Осы секторларға облысымыздың 16 ауданынан 640 жауапты азамат бекітілді.

Брифингте арыстағы оқ-дәрі қоймасының ендігі жай-күйі де сөз болды. Қазір аймақта шашылып жатқан снарядтардан қаланы тазартып жатыр. Залалсыздандыру жұмыстарына 22 топ жұмылдырылған. Осы уақытқа дейін 500-ге жуық оқ-дәрі табылып, жойылған.

Бақыт Құрманбаев, ҚР қорғаныс вице-министрі: «3 күн ішінде снаряд сынықтарын жинау жұмыстарын аяқтауды көздеп отырмыз. Өрт себептерін тергеу тобы анықтайды, олар қазір осы мәселемен айналысып жатыр. Ал оқ-дәрі қоймасын алдағы уақытта жояды. Қоймалар болмайды».

Журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берген өңір басшысы арыстықтардың апта соңына дейін үйлеріне оралуға рұқсат берілетінін айтты. Содан кейін қаланы қалпына келтіру жұмыстары басталады. Өмірзақ Шөкеев желтоқсан айында қала толығымен қалпына келтіріледі деп уәде етті.

Айя Мүтәлі