Баласын тастамаған

128

Бір жасар баласымен 4 күн бойы далада түнеп жүрген 20 жастағы ана редакциямызға көмек сұрап келді. Азиза есімді Шымкент қаласының тұрғыны бүгінгі күнге қалай душар болғанын айтып, тағдырының ауырлығына налыды. Өзіне және кішкентай Алинұрға көмек қолын созуды өтінді.

20 жасар Азиза Оңғарбаева ата-анасының өзі ес білмейтін кезде ажырасып кеткенін айтады. Қиындыққа шыдас бермеген анасы Азиза мен сіңлісі Аружанды балалар үйіне өткізген. Айтуынша, сол кезде сіңлісін басқа отбасы асырап алған. Содан бері ол бірге туғанынан хабарсыз қалған. Енді ол бір жасар баласынан да дәл солай көз жазып қалудан қорқады.
«Анам мені балалар үйіне өткізгеннен кейін қайта алыпты. Бірақ ол кезде сіңлімді асырап алған кез. Мені алып, өзінің әке-шешесіне берген екен. Нағашы ата-әжеме. Мен 9-сыныпқа дейін Төлеби ауданының Майтөбе ауылында ата-әжемнің қолында өстім. 10-сыныпта Шымкентке анамның қасына келдім. Осында 11 сыныпты тәмамдадым. Басыма пәле сол мектеп бітіру кешінде жабысты. Сонда бір жігітпен таныстым. Күйемін-сүйемін деген соң оған ес-түссіз ғашық болдым. Арада 1 ай өткен соң ол маған үйленетінін айтты. Сөйтіп, ата-анасымен таныстыру үшін үйіне шақырды. Сөйтсем, бұл оның құрған тұзағы екен. Үйі дегені, жалдамалы пәтер болып шықты. Ол сонда өзінің арам ойын жүзеге асырып, мені күштеп жыныстық қатынасқа тартты. Бар қиындық содан кейін басталды. Ол сол кеткеннен мол кетті. Оны одан соң көргенім жоқ. Тек телефон арқылы хабарласқаны болмаса. Содан бір айдан соң жүкті екенімді білдім. Өзін Арман деп таныстырған құрсақтағы сәбидің әкесіне өзімнің «ыңғайсыз» жағдайымды хабарладым. Алайда бұл онымен сөйлескен соңғы сәтім екен. Содан жүктіліктің салдары барлық өміріме кері әсер етті. Анам мені үйден қуып шықты. Туған туыстарым менен теріс айналды. Сөйтіп жүріп, дер кезінде жеке куәлік жасата алмағандықтан «Аттестатымды» да ала алмадым, оқуға да түсе алмадым».
Азизаны жігіті тастап кеткенен кейін оның айналасындағылар баласын алдырып тастауға қанша үгіттегенімен оның бұл іске батылы бармаған. Іште жатқан сәбидің еш кінасы жоқ екенін біліп оны дүниеге алып келуді ұйғарады. Алайда оның бұл шешімінің соңы отбасымен жақындарынан алыстатты.
«Аяғым ауыр болғанын білген сәтте ата-әжеммен қоса анам да менен бас тартты. Анам тіпті үйден қуып жіберді. «Егер баланы балалар үйіне өткізіп келсең, ғана қабылдай аламын, әйтпесе мүлдем келме» деп айтты. Менің баратын жерім болмады. Сөйтіп тағдыр мені «Ана үйіне», «Көмек» орталығына және тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған мемлекеттік орталыққа әкелді. 2017 жылдың тамыз айынан 2019 жылдың сәуір айына дейін осы жерлерді паналап келдім. Дегенмен аңғалдығымнан осы орталықтардан шығуыма тура келді. Дәлірегі, жұмыс іздеп жүріп, далада қалдым. Әлеуметтік желілерден жұмыс іздеп Алматыдан жақсы бір жұмыс таптым. Ойланып жатпай-ақ баламды алдым да бірден Алматыға жол тарттым. Ондағы адамдар менің жол ақымды төлеп күтіп алды. Бірақ барған сәтте мен ойлағандай емес, мүлдем басқа жұмыс екендігін білідім. Яғни «сурогат» ана болуым керек екен. Есесіне жақсы ақша төлейтіндерін айтты. Бірақ мен бас тарттым. Олар менің жолыма төлеген 7 мың теңгені қайтаруымды талап етті. Менің ондай ақшам жоқ еді. Бере алмағандықтан баламның туу туралы куәлігін алып қалды. Мен қайтадан Шымкентке келдім. Кеткен орталықтарға барғаннан пайда болмағандықтан, сіздерден көмек сұрап келдім».
Азиза көмек сұрап келген сәтте алдынан жылы шырай таныта қарсы алған тілші Айжан Ермекқызына айтар алғысы шексіз. Сөзінше, ол сол күннен бері Айжанның отбасымен бірге тұрып жатыр. Баратын жері басатын тауы қалмаған сәтте көмек қолын созған жанға қарыздар екенін айтады.
«Мен ол кісіге қарыздармын.маған да, балама да жақсы қарайды. Және баламның әкесін іздеп табуға полицияға арыз түсірдік. Журналистердің бақылауында болғандықтан ба алдында қанша барсам да мардымда жауап ала-алмаған полиция қызметкерлері тез арада баламның әкесін тауып берді. Ең қызығы оның отбасы бар болып шықты. Менің ұлыммен қатарлас қызы бар екен. Жағдай да өте жақсы. Мен ол адамнан ештеңе күтпеймін. Тек баласына алимент төлеп тұрса болғаны. Барар жеріміз жоқ болып жүргенде ол да болсын бізге көмек болар еді. Өзімнің бір сәттік көңіл көтерген көп қыздарының бірі болып қалғаным өкінішті. Дегенмен менің ұлым бар. Сол жаныма медеу. Және сол ұлымнан көз жазып қалғым жоқ».
Азизаның айтуынша, оған теріс жолды көрсеткен қаншама ұсыныс түскен. Ішерге асы, қонарға жері жоқ болса да баласын тастамапты. Тіпті анасы балаңды балалар үйіне өткіз де, өзің келе бер десе де ана жүрегі көзі қиын баласын тастап кете алмаған.
«Шынымды айтсам, көп адам маған баламды балалар үйіне өткізуімді айтты. Мемлекеттің жалғызбасты аналарға көрсетер көмегін пайдаланып оқып, шәкіртақы алуымды айтқан адамдар болды. Өзің оқып алғанша уақытша ғана өткізе тұруымды қалады. Бірақ мен бұлай жасағым келмейді. Өйткені, баланы бір рет берсең, алу өте қиын екенін естіп-біліп жүрмін. Ең басты қорқынышым, сіңлім Аружан сияқты баламнан да хабарсыз қалу. Егер олай болса, мен үшін өмірдің мәні жоқ. Мен ештең тілемеймін. Тек балам екеуміз паналайтын бір баспана болса, бір бөлме болса да разымын. Жомарт жандар осыған көмектессе екен. Басқасын өзім жұмыс істеп табамын. Денім сау шүкір. Баламды балабақшаға беріп, өзім жұмыс істесем жәрдемақы алсам аяққа тұрып кете аламыз. Ең бастысы ұлымның қасымда болуы. Арманым оған жақсы ана болып, өсіріп, оқыту. Мұның бәрі біз бірге болсақ қана жүзеге асады».
Бүгінде баласын тастап кетіп жатқан көкек ананың қаптаған заманы. Қара басының қамы үшін бірі баласын басқаға сатса, енді бірі жүрегі селк етпестен қоқысқа тасайды. Бауыр еті баласын балалар үйіне өткізген жандар қаншама. Біздің кейіпкеріміз бұл істерден ада. Қанша қиындық көрсе де баласынан бас тартпады. Осы тірлігі үшін ана деген атқа лайық екенін түсінесіз. Егер Азизаға көмек қолын созғысы келген жомарт жандар болса, редакцияға хабарласып байланыс нөмірін алуларыңызға болады.

Жанерке ХУМАР