Оранған қыз. Тұмшаланған келіншек. Жабынған әйел. Нәзікжандылардың етек жеңін жинап, әуретін жабу үшін орамал тағуы үлкен бір мәселеге айналды. Бұл тұрғыдан қоғамның ойы екіге бөлінді. Бірі «қазақ қызы мұндай киім кимеген, арабтарға еліктеп жүр» десе, енді бірі «ашық-шашық жүргеннен, осылай оранғаны артық» деседі. Иә, біздің тарих талай рет өзгеріске ұшырап, талай рет талас-тартыстар орын алды. Қазақ қызы орамал тақты ма, тақпады ма деп пікір айтушылардың өз дәлел, деректері де жоқ емес. Ал, бүгінгі таақырыбымызға арқау болған кейіпкеріміздің орамал тағып, тұмшалануы тіпті басқа мәселе. Ол ешкімге еліктеген жоқ. Діннен де хабары шамалы.
Арай Шымкент қаласының тумасы. Жасы 15-те. Отбасылық жағдайы тәп-тәуір. Артынан ерген 8 жастағы інісі бар. Мектептегі үлгерімі орташа. Айналасындағылармен тез тіл табысады. Көпшіл.
Ата-анасының жұмысбастылықтан қолы тимеген соң үй шаруасы, інісіне қарау сияқты міндеттер Арайға жүктелген. Оған Арай ешқашан қабақ шытқан емес еді. Күйбең тіршілікпен жүрген ата-ана қызының мінез құлқының қалай күрт өзгергенін де байқамай қалыпты.
Арай тұйықталып, достарынан бойын алыс ұстай бастайды. Сабағы да нашарлады. Інісіне немқұрайлы қарай бастаған. Ұялы телефонға шұқшиып, сағаттап отыратынды әдетке айналдырыпты. Бір күні тіпті үйінен қашып кетеді. Ата-анасы сонда ғана қыздарының мінез-құлқында өзгеріс пайда болғанын байқап, дабыл қағады. Алайда бәрі кеш еді.
Тәртіп сақшылары Арайды 3 күнде табады. Сөйтсе ол жігітімен бірге үйінен қашып кетіпті. Полицияға берген жауабында Арай ата-анасы күн бермегенін, үйінде құл ретінде жұмсағанын айтыпты. Ал жігіті оны «жайсыз» отбасынан азат етті деген.
Қыздарының мұндай жауабы ата-анаға ауыр тиеді. Ал, оның орамалға оранып алғаны оларды екі есе есеңгіретіп тастайды. Белгілі болғандай, Арайдың жігіті өзінен бес-алты жас үлкен. Екеуі әлеуметтік желіде танысыпты. 6 айдан бері хат жазысып, араласып тұрған. Бірнеше рет кездескен. Осы аралықта жігіт қызды өзіне жіпсіз байлап алған. Бұған екеуінің арасындағы телефондағы жазба дәлел болды. Жазбаны оқыған әке-шешесінің төбе шашы тік тұрды. Қыздары әлгі жігітіке үйіндегі барлық жағдайды бүге-шүгесіне дейін айтып отырған. Тіпті анасының неше рет әжетханаға барғанын, әкесінің темекі шеккенін, інісінің тіс шұқығанына дейін жазып, екеуі талқылаған…
Психологтар ата-анаға қыздың жүйкесіне салмақ салмауға кеңес береді.
Перзенттерінің аман-есен табылғанына шүкіршілік еткен ата-ана, мамандардың кеңесіне құлақ түріп, қыздарының бұл оғаш қылығына да көз жұма қарайды. Өтпелі кезең деп, оның жеке шекарасына өтпеуге тырысады. Уақыты келгенде өзі түсініп, орамалын шешетініне, жасаған әрекетінің дұрыс болмағанын мойындайтынына сенеді. Бірақ, жағдай олар ойлағандай болмайды.
Арай орамалын шешпек түгілі, керісінше аузы-мұрнын жапқан, екі көзі ғана жылтыырап көрінетін қап-қара хиджабқа оранады. Әкесінің ақыл сөзіне де, анасының көз жасына да қарамайды.
Оранған оқушыны мектепте қабылдамады. Сыртқа шығудан да қалды. Үйінде отырып, бұл әлемнен алшақтай берді. Өзінің әлеміне тереңнен бойлай түсті.
Гүлдей жайқалған қыздарының солып бара жатқанына ата-ана ендігі жерде қарап тұра алмады. Бастарын тауға да ұрды, тасқа да соқты. Көмектесетін білікті маман іздеді. Осылайша олар «Көмек» дағдарыс орталығына жүгінеді. Осындағы психологтардың қолына қыздарын табыстайды…
«Ауыз екі сөзде «Миы айналып қалған», «Басы дуаланған» деп айтамыз ғой! Араймен болған жағдай тура сондай. Онымен жұмыс жасау қиын болды. Ешқандай сөзге көнбеді. Ешкімді тыңдамады. Оның сана сезімін басқа біреу басқарып отырғандай болды. Сөйтсек шынымен де солай болып шықты. Бір екі аптаға телефоннан қол үзгенде, сыртқа шықпай оқшауланған кезде ғана Арай өз-өзіне келді. Психологиялық жұмыс жасауға мүмкіндік алдық. Сөйлесе келе біз оны қандай мәселе мазалайтынын, қай бағытта жұмыс жасау керек екенін білдік», — дейді мамандар.
Жүргізілген емдік шараларының барысында мамандар Арайдың жігіті бар екенін біледі. Ол оны жанынан да артық жақсы көретінін айтыпты. Сүйіктісін «Құдайға» теңейтінін, ол не айтса соны бұлжытпай жасайтынын айтқан. «Өзіме қол жұмсауға бұйырса да бұлжытпай орындаймын. Және сол әрекетім үшін еш өкінбеймін» депті. Хиджап киіп, тұмшалануы да сол сүйіктісінің бұйрығы екен.
Әлгі жігіт телефон арқылы Арайдың басын айналдырып, миын ашытып жіберген. Арайды көрінбейтін «жіптермен» өзіне «байлап алған». Және қашықтықта отырып сол «жіптерді» тартып, Арайды басқарып отырған. Ал, жас қыз өзінің қалай құрбан болғанын түсінбеген де.
7-8 ай бойы жүргізілген емнің арқасында Арай хиджабын шешті. Оның өмірге деген көзқарасы өзгерді. Сабаққа қосылып, достарымен қарым-қатынасын қайта жалғады. Ата-анасына, інісіне жақындай түсті. Арай енді мектепті тәмамдап, жоғарғы оқу орнына түсуді мақсат етуде. Мамандықты да таңдап қойды. Ол болашақта психолог болсам дейді. Және «адасқандарға», «өзін-өзі жоғалтып алғандарға» көмектеспек.
Айта кетейік, Шымкенттегі «Көмек» әлеуметтік орталығы 2017 жылдан бері жүздеген адамға уақытша пана болып, мыңдаған адамға құқықтық, психологиялық көмек көрсетіп келеді. Орталық қызметкерлері күн сайын түрлі тағдыр иесін тыңдайды, қабылдайды. «Көмек» дағдарыс орталығы 40 адамға шақталған. Онда әйелдер мен олардың балалары алты ай паналай алады. Оларға осы аралықта психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек беріледі.
Соңғы 10 айда орталық 134 адамды қабылдаған. Оның ішінде 7 ересек — әйел, 23-і бала. 62 адамға психологиялық көмек көрсетілген, 134 адам гуманитарлық қолдау алған. 38 адамға медициналық көмек көрсетіліп, сондай-ақ 38 адам толық медициналық тексерістен өткен. Екі адамға стоматологиялық көмек берілсе, бесеуі УЗИ-ге жіберілген. 11 адам заңгерлік қолдау алып, 7 адам әлеуметтік көмекпен қамтылған.
«Көмек» дағдарыс орталығы — жай ғана мекеме емес, адам өмірін қайта жалғайтын орын. Осында келген әр жан өз тағдырын қайта құруға мүмкіндік алады. Біреуі бостандыққа жаңа қадам жасаса, енді бірі балаларын қауіптен қорғауды үйренеді, біреуі құлдықтың құрсауынан босап, өмірге қайыра оралады.
Орталық мемлекеттен қаржылай көмек алмайды. Арнайы гранттар мен демеушілер есебінен жұмыс істейді.
Айжан Ермекқызы
«Ontystik Rabat» газеті, №1-2







