Біркөлік шатқалына демалуға келгендердің арасында 25 жастағы жігіт қайтыс болды. Демалушы топта 11 адам болған.
Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округі, Біркөлік аумағында 15 маусым күні сағат 22:00 шамасында 1994 жылы туған жігіт пен 1997 жылы туған қыз бала жоғалып кеткен. Бұл туралы 16 маусымда сағат 00:10-да «112» құтқару қызметінің пультіне хабарлама кеп түскен. Демалушылар тобында 11 адам болған.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар күні түні іздеп, тек кешкі жетілер шамасында жоғалып кеткен жігіттің өлі денесін тапқан. 25 жастағы жігіт Біркөлік шатқалының тау аймағында 120 м биіктіктен құлап, ағаш бұтақтарында ілініп қалған. Жоғалған 1997 жылы туған қыз шатқалдан өздігінен түскен. Қазіргі таңда 22 жастағы қыз ауруханаға жатқызылған.
Іздестіру жұмыстарына Шымкент қаласы ТЖ департаментінің жедел-құтқару жасағының 9 құтқарушысы, Түркістан облысы Төлеби ауданы ТЖ бөлімінің 14 қызметкері, жергілікті атқарушы органдары мен аудандық полиция бөлімінің 5 қызметкері, ҚР ҰҚК ШҚ №2041 ӘБ 4 әскери қызметкер, 1 ит жұмылдырылған.
Шымкент қ. ТЖД жедел-құтқару жасағы тауға шығар алдында міндетті түрде өз маршруттарыңызды ойластырып, топты тәжірибелі инструктор алып жүргені абзал деп ескертеді. Тау қателерді кешірмейді!
Жанар Есенбекова