Карьерлерді талапқа сәйкес пайдалану депутаттарды алаңдатып отыр

264
Карьер

Арыстағы карьерлерді талапқа сәйкес пайдалану жайы халық қалаулыларын да алаңдатып отыр. Облыс мәслихатының кезекті сессиясының қарауына табиғи ресурстарды пайдалануға қатысты мәселелер ұсынылған. Салаға жауаптылар енді осы бағытта атқарған жұмыстарын баяндап, депутаттар алдында есеп беретін болады.

Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері осы бағытта атқарылған жұмыстар барысымен танысу үшін өңірлерді аралады. Депутаттар Арыс ауданында жер қойнауындағы қазбаларды пайдаланып жатқан компанияларда болып, Шардара ауданы аумағындағы тұқымбақты көрді.

Серікбай Ибадуллаев, облыс мәслихатының депутаты: «Жер қойнауындағы байлықтар халықтікі. Сондықтан да ол қалай пайдаланылуда? Кәсіпкерлер салықты төлеп жатыр ма? Осыған байланысты басқарманың есебі тыңдалады».

Халық қалаулылары Шардара ауданындағы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі мекемесінде болып, ондағы материалдық-техникалық базамен танысты. Мамандар өрт сөндіру көліктері, орман, сексеуіл алқаптарындағы жазғы мезгілде жиі орын алатын өрттің алдын алуға арналған доңғалақ тракторлар мер тіркемелер қатары жылдан-жылға көбейіп отыр дейді. Өңірде табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына тиесілі 24 өрт сөндіру бекеті жұмыс істеуде. Алайда басқарма басшысы салаға жауаптылардың қолын байлап отырған кедергілерді де жасырып қалған жоқ.

“Орманды қорғау әрбір 40 мың гектарға бір қызметкерден келеді. Ол жеткіліксіз және орманшылардың үйі де жетіспейді. Осы мәселені шешуге депутаттар көмек көрсетсе” дейді.

Облыс мәслихатының кезекті сессиясы 13 маусымға белгіленіп отыр. Күн тәртібінде аталған басқарманың атқарған жұмыстары туралы есеп тыңдалады деп күтілуде.

Шынар Оразова