Жер қойнауын ретсіз пайдалануды тоқтату қажет

236
Жер қойнауын ретсіз пайдалануды тоқтату қажет

Жер қойнауы қазбаларын ретсіз пайдалануды тоқтату қажет! Табиғат қорғаушылардың бұлай деп дабыл қаққаны алғашқы рет емес. Заңды өрескел бұзған азаматтарға қатысты қолданатын шараларға өзгеріс енгізбесе болмайтын түрі бар. Ол, ең алдымен, айыппұл мөлшеріне және меншік иесіне қарамастан техниканы тәркілеуге қатысты болмақ.

Жер қойнауын ретсіз пайдалануды тоқтату қажет

Облыс мәслихатының депутаттары Ақсу өзенінен тасты пайдалануды реттеу қажеттігін көтерді. Тұрақты комиссия отырыстарында есеп берген Оңтүстік Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы халық қалаулысының көтерген мәселесін қолдайтынын білдірді. Былтырдан бері жер қойнауы қазбаларын қорғау міндетін атқарған басқарма есепті мерзімде су қорғау аумағында жұмыс істеген 24 жер қойнауын пайдаланушыға қатысты шара көрген, 18-і бойынша іс сотқа да жолданған.

Басқарма бүгінде келісім-шарт бойынша жер қойнауын пайдаланушылар және де заңсыз пайдаланушылармен күресті ОҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірге жүргізіп жатыр. Бірден нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмай тұр.

Жиында заңсыз әрекеттерге тоқсауыл қою жолдары бойынша ұсыныстар да берілді. Ол бастамалар қолдау тапса, жер қойнауы қазбаларын оңды-солды пайдалануға жол берген ауыл әкімдері мен учаскелік полиция қызметкерлері жауапқа тартылады. Және айыппұл мөлшері өзгертіледі.

«Жер қойнауы қазбаларын қазірден табыс көзіне айналдырғандардан қорғамасақ, өскелең ұрпақ алдында жауап бере алмаймыз.» Мәжіліске қатысқандар осылай деп тарқасты.