Келес ауданы Абай ауылында Арыс қаласындағы төтенше жағдай бойынша №13 колледжде қабылдау пункті ашылды. Қазіргі таңда колледжде Арыс қаласы мен ауылдық округтерден келген 352 азамат тіркелді.
Барлық тіркелген азаматтар жатақ орынмен, ыстық тамақпен, медициналық көмекпен, қажеттілігіне қарай киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Пункттерде дене жарақатын алған азаматтар тіркелген жоқ.
Бүгінгі таңда арыстық азаматтар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, аудандық кәсіпкерлер, сондай-ақ аудан имамдары тарапынан қолдау көрсетіліп, барлық қажетті азық-түлік, киім-кешек сондай-ақ күнделікті тұрмыста қолданылатын заттармен қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ Нидерландия елінің азаматтары ерлі зайыпты Оздемир Шахин және Оздемир Фатима келіп, Арыс қаласында болған қайғылы жағдай бойынша тұрғындарға көңіл айтып, арыстықтарға қаржылай көмектерін көрсетті.
Келес ауданына Арыс қаласының тұрғындарына тиісті жағдайлардың бәрі жасалынып отыр.