Келесте 12 мың гектар жер ауданның арнайы жер қорына қайтарылды

19

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы мақсатына беріліп, игерілмей жатқан жер учаскелерін мемлекетке қайтару туралы тапсырмасына сәйкес, Келес ауданында 12 008,97 га жер учаскесі ауданның арнайы жер қорына енгізілді.

Сонымен қатар, тұрғындардың жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халықтың жайылымдық алқаптарға деген мұқтажын қанағаттандыру мақсатында 4 370,70 га және 1 880,0 га жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөніндегі аудан әкімдігінің қаулылары қабылданып, аудандық маслихаттың тұрақты комиссиясында қаралды.
Нәтижесінде жер пайдаланушылар өз еріктерімен 883 гектар жайылым жер учаскелерінен бас тартып, ауданның арнайы жер қорына қайтарылды. Басқа жер учаскелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Абай Молданов мәлімдеді.
– Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-1 бабының 20 тармағына сәйкес ауылшаруашылығы жерлерін бұрыннан жалға алған жер пайдаланушылар мен конкурс арқылы жеңімпаз атанған жер пайдаланушылардың жерді пайдалану жөнінде қабылдаған міндеттемелерін орындауына, жалға алудың алғашқы бес жылында жыл сайын және суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарында – әр үш жыл сайын, суарылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарында әр бес жыл сайын мониторинг жүргізілуі тиіс. Осы мәселе бойынша аудан әкімінің өкімімен жұмысшы топ құрылып, ауылшаруашылығы жер учаскелеріне мониторинг жұмыстары жүргізілуде, – деді Абай Молданов.
Айта кетейік, Келес ауданының жалпы жер көлемі 345 129 га болса, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 234 731 га құрайды.