«Шашбау – әжемнің көзі іспеттес»

1531

Қыз он беске толғанда, шашбау тағады. Бүгінгі аруларымыз халқымыздың ертеден қалыптасқан осы бір ерекше дәстүрдің үдесінен шығып жүр ме? Егер осы сауалды кез келген адамға қойсақ, бірден «жоқ» деген жауап естиміз. Әлде, олай емес пе? Иә, бәрі бірдей жоқ демейді екен. Ұлттық әшекейіміздің құндылығын арттырып қолаң шашына жарасымды етіп шолпы тағатын қыздар аз болса да бар. Соның бірі – Төлеби ауданына қарасты Оңтүстік ауылының 15 жасар тұрғыны Дана Асылбекқызы.

«Шашымды боятқан емеспін, боямаймын да»

Әжесінің тәрбиесінде өскен Дана «қыз баласының көркі қолаң шашында» деп түсінеді. Оның құлағына бұл сөзді әжесі кішкентайынан құйған. Әжесі немересінің шашы қайсар әрі қалың болып өсуі үшін ерекше күтім жасау жолдарын да үйретіпті.
«Мен атам мен әжемнің тәрбиесінде өстім. Халқымыздың салт-дәстүр әдет-ғұрпын ерекше ұстанатын. Сондықтан да мен салт-дәсүрімізге жақын болдым. Шашымды жеті жасымнан бері қимаймын. Ерекше күтім жасағандықтан болар қалың әрі ұзын. Өте қайсар. Мен қазіргі түрлі шашқа арналған маскаларды қолданбаймын. Қолаң шашымның қайсар болуы ерекше күтімінде деп білемін. Шашымның қазіргі сұлулығын сақтау үшін әлі күнге әжемнің айтқан кеңесіне жүгінемін. Аптасына бір рет таза қолдың майлы айранымен жуамын. Аптасына бір рет жұмырқаның сарысын жағамын. Осы кезге дейін бояған емеспін. Алда боямаймын да. Тек осылай шашыма күтім жасаймын. Қазір көп қыздар шаш кептіретін құрылғымен (фен) кептіреді. Және шаш үтікпен шашын үтіктейді. Мен оларды қолданбаймын. Өйткені олардың зардабы көп. Ол шаштың табиғилығын құртады. Әжем шаш жуылған соң өз ерімен кепкені тиімді болатынын айтатын. Бұл шашты демалдырады екен. Және тез өседі»

«Шашбау – ұлтыма деген махаббатымның бірден-бір белгісі»

Әуелі шаш күтімін біліп алғаннан кейін Данадан шашбау тағуының сырын да сұрап білдік.
«Шашбау – әжемнің көзі іспеттес. Әлі күнге шашбау тағуымның басты себебі де сол. Екіншіден, ұлтыма деген махаббатымның бірден-бір белгісі. Сонымен қатар, өзім сияқты қыздарға осылай ерекше әсер қалдырып, олардың ұлттық әшекейге деген қызығушылығын оятқым келеді. Шашбаудың тағы бір құдіреті — ол көз тартарлық қолаң және ұзын шашты сұқ көзден сақтай біледі. Мысалы шашыңда әдемі көз тарталық шашбау тағылып тұрса, адамның көзі бірден шашқа емес, шашбауға түседі. Ертеде ата-әжелеріміз осы себептен де шашбауды қолданған болса керек. Әжем маған «шашбау қыз баласын сабырлылыққа үйрететін құрал» дейтін. Өйткені кезінде қыз баласының мінез-құлқы осы шашбауының сыңғырынан білінген екен. Егер шашбауы шектен тыс сыңғырласа, ол қыздың мінезді екенінің белгісі болған дейтін. Ал, жай ғана бабымен сыңғырласа, оның биязы, сабырлы қыз екендігін айғақтаған. Сондықтан да қыздар, шолпысының сыңғырын бәсеңдету үшін сыпайы ғана жүріп-тұрған. Міне, шашбаудың тағы бір құдыреті. Ата-бабамыз қандай ұлы халық болғанын аңғаруымызға болады»

Ұзын шаштың әуресі жоқ

Небәрі 15 жасар Дананың бір ғана шашбау жайлы осынша ақпарат білуіне таң қалдық. Не дегенмен әженің тәрбиесінде өскен ғой. Кішкентайынан ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп өскен арудан ұзын әрі қолаң шаштың қандай артықшылығы барын да сұрадық.
«Шаштың ұзын болуының тағы бір артықшылығы – кез келген шаш үлгілерін жасап жүруге болады. Неше түрлі өру әдістерімен өріп шашбау тағып алсаң қандай күшті. Ұзын әрі қолаң шаштың зардабы жоқ. Біреулер «жуғанда қиналасың, көтеріп жүргенде басың ауырады» деп айтады ғой. Менде ондай әлі кездеспепті. Шашымды мүмкін болса тобығыма дейін өсіргім келеді. Әжем шашты кез келген жерге тастауға, аяқ асты етуге мүлдем болмайтынын айтатын. Сондықтан да мен түскен шаштарымды жинап, орамалға түйіп қоямын. Өзімнен кейін үш сіңлім бар. Солардың да шашын тастатпаймын. Үнемі жинап жүреміз. Негізі ырым-тыйымдарға көп сене бермеймін. Бірақ әжемнің сөзі болғандықтан жерде тастамаймын»

«Шолпы қыз тәрбиесіне де ерекше үлес қосқан»

Шолпы – ұлттық әшекей ғана емес, қыз баласының бой жеткенін білдіретін рәміз. Он бес жасқа толғанда жеңгесі екі үзбелі күміс шашбауды қос бұрымына тағады. Мұны «шолпы тағу дәстүрі» дейді. Бұл дәстүрдің ерекшелігі мен шолпының қадір қасиетін «Жаңғырық» айдарының тұрақты кеңесшілерінің бірі Айжамал Талубаева апамыздан сұрап білдік.

Айжамал Талубаева, әдет-ғұрып және салт-дәстүрді насихаттаушы әже:
– Қазақ халқында шолпының қаншалықты қадір-қасиетке ие екенінін арнайы дәстүрдің барынан аңғаруға болады. Кез келген кітапта сұлу қызды бейнелегенде оның шолпысы мен сыңғыры мінетті түрде айтылады. Кермаралдай керілген сұлудың әсем жүрісіне үн қосатын шолпының тағы бір ерекшелігі қыздың бойжеткенін аңғартады. «Сыңғырлаған күлкісіне күмбірлеген шолпысы үн қатты» деген сөз де осыдан қалса керек. Халқымыз шолпы таққан қыздың басы ешқашан ауырмайды. Керісінше «шашы ұзын әрі сұлу қайсар болып өседі және ерте түспейді» деп жорамалдаған. Шолпы қыз тәрбиесіне де ерекше үлес қосады. Өйткені шолпы таққан қыз түнде немесе кешқұрым сыртқа шықпайды. Себебі, қайда жүргенінен шолпысының сыңғыры белгі беріп тұратындықтан олар үйден шықпаған. Міне, бір ғана шолпының қадір-қасиеті мен құдіреті қандай, ә? Қазақ өте дана халық. Сондықтан да әрбір жөн-жоралғы болсын, дәстүр болсын ешқашан жайдан-жай жасалмаған. Шолпының түрлері өте көп: Қоңыраулы шолпы, үзбелі шолпы, тізбелі шолпы, моншақты шолпы, сылдырмақ шолпы, көзді шолпы, сағат баулы шолпы. Асыл тасына қарай, алтын шолпы күміс шолпы, маржанды шолпы, меруерт шолпы деп бөлінген. Қыздарымыз шашбау тағуды қайта жаңғыртса, нұр үсіне нұр болар еді.

Жанерке ХУМАР