Ауыл келіндері бастаған жоба

504

Оңтүстік келіндері көпке үлгі игі істі бастады. Ауыл-аудандардың келіндері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлады. Өңіріміздегі бір-бір шаңырақтың ұйытқысы болып отырған ақ келіндердің ұйымдастырумен өткен Наурыз мерекесіне басқа облыстардан да арнайы келгендер бар. 200-ге жуық әже және қыз келіншектердің қатысуымен өткен той-думан ұлттық құндылықтарымызды насихаттаумен ерекшеленді.

Шымкент қаласындағы сәні мен салтанаты келіскен тойханалардың бірінде Наурыз мерекесі басқаша бір тыныспен тойланды. Есіктен кірген сәттен, қаз-қатар тізілген ақ келіндер қонақтардың барлығын асқан ізеттілікпен келінге тән басты қасиеттердің бірі сәлем салып қарсы алды. Мерекеге асыға жеткен ақ самайлы әжелермен бірге сәлем салған келіндерге алғысымды айтып мен де ішке кірдім. Ішке енген сәттен мұндағы көрініс кез келген адамды қайран қалдырады.
Бәрі ұлттық нақышта киінген. Нағыз қазақ келіндері етек-жеңі ұзын көйлекке қыпша белдерін айқындайтын ою-өрнекпен әсемделген камзолмен нымшаны жарастырып киіпті. Кейбірінің орамалының өзінен әдемі оюды байқайсың. Жүздері бал-бұл жанған тағы бір топ келін қонақтарды жайғастырып барынша ілтипаттарын көрсетіп жүр.
Бұл игі шараны ұйымдастырушылардың бірі – Нысанбек аулының үлгілі келіні Айдана Ыбырай. Айдана біздің оқырмандарымызға етене таныс.
Былтыр газетімізде «Ауыл тұрмысын инстаграмға шығарған келін» атты жарық көрген мақалада жас келінді таныстырған болатынбыз. Ол инстаграм әлеуметтік желісінде қазақ аулының шынайы тұрмыс-салты мен ұлтымыздың әдет-ғұрпын насихаттайтын жазбалары арқылы танылған. Сонымен қатар ене мен келін арасындағы қарым-қатыс жайлы жазбалары көптеген оқырмандарына ой салып, дұрыс бағыт бере білді. Жасандылықтан шаршаған қазіргі қоғамға ерекше тыныспен келген үлгілі келіннің ол кезде инстаграмдағы жазылушылары 20 мыңға жеткен еді. Ал, қазір 120 мыңнан асып жығылады. Абыр-сабырмен қоса қобалжуды қатар бастан кешіріп тұрған ұйымдастарушылардың жанына жақындап оларды әңгімеге тарттым.
Айдана Ыбырай, Нысанбек аулының үлгілі келіні:
– Білесіз бе, Жанерке? Осындай қазақтың келіндерінің ұйымдастырумен өтетін мерекелер батыс жақта жиі болып тұрады. Ол жақтың әлеуметтік желі арқылы танылған белсенді келіндерімен жақсы араласамыз. Солардың парақшаларынан үнемі көріп біліп жүрдім. Нағыз қазақилықтың қаймағы бұзылмаған біздің өңірде неге осындай бір көпке үлгі боларлық игі іс бастамасқа деген ой келді. Мұндай ауқымды іс-шараны бір өзім ғана өткізу мүмкін емес. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сондықтан өзім сияқты бірнеше белсенді келіндерге ұсынысымды айттым. Оларға үлкен рахмет, бірден қолдады. Осылайша біз алғашқысын ұлттық мерекеміз Ұлыстың ұлы күнін өткізуден бастадық. Әрине, бірінші рет ұйымдастырылғандықтан қателіктер болды. Оның үстіне бізге жергілікті биліктен немесе қандайда бір кәсіпкерлерден қолдау болмады. Барлығын өзіміз ұйымдастырдық. Шараға қатысушыларға билет саттық. Одан түскен қаржыға тойхана жалдадық. Жүргізушілер мен өнерпаздардың ақысын төледік. Сондықтан жетпей қалып жатты. Тіпті керек болса, 3-4 келіншек өз қалтамыздан қаржы да шығардық. Дегенмен еңбегіміз еш кетпеді. Бәрі жақсы болған сияқты. Бұл тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта бұл жолы кеткен қателіктермен жұмыс жасаймыз. Ең бастысы келушілердің көңілінен шықты.
Мереке барысында келіндер арасында түрлі сайыстар өтті. Айдананың айтуынша жарысқа қатысатын 30 келінді әлеуметтік желі арқылы анықтаған. 30 келін сонда келген қонақтарға қызмет көрсетіп, өздерінің жан-жақты екендіктерін дәлелдеуге тырысты.


Барлық жағынан көзге түсіп, көпшіліктің көңілінен шыққан келінді жиналған халық өзі анықтап құрметке бөледі. Ақ самайлы әжелердің сынағынан өткен келіндер енді ұйымдастырушылардың тапсырмасын орындап өздерін сынады. Олар алғашында келіннің бір күндік өмірін бейнелейтін үй тапсырмаларымен таныстырды. Одан кейін келіннің өмірінде кездесетін неше түрлі ситуациялық сауалдарға жауап беріп ой қиялдарының ұшқырылығымен қоса ақылын да дәлелдеп бақты.
Ұлтымызға ғана тән әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізге қатысты білімдері де сынға түсті. Мені салт-дәстүрімізді құрмет тұтып, оны білуді басты міндеті санайтын келіндердің талабы қызықтырды. Бірінен бірі өткен ақ келіндеріміз нағыз қазақ келіні қандай болу керектігін көрсетті. Көпшіліктің қызығушылығын оятқан тағы бір нәрсе – ол ене мен келін арасындағы жағымды қарым-қатынас жайлы көрініс болды. Осылайша бұл мереке барысында тек ұлттық құндылықтарымызды ғана насихаттап қоймай отбасының берекесі мен шаттығы келіндердің қолында екендігін де көрсетті. Осындай тәрбиелік мәні зор іс-шара әжелерімізді де таң қалдырды. Жас та болса бас болған ұйымдастарушылармен қатысушыларға олар дән риза болып, ақ батасын берді.

Ұлбала Аманқұлова, ақ самайлы әже: 
– Бұл керемет бастама болды. Жап-жас келіндеріміздің осындай игі ісі арымен қарай жалғасса екен. Мен өзім қарап отырып мына нәзік жанды аруларымыздың тек қана қазақи нақышта киінгендерінің өзіне көңілім толып отыр. Келінім инстаграм дей ме, сол жерден хабарландыруын көріп «апа, бірге барайық» деді. Мен қуана келістім. Келгенімізге өкінбейміз. Тойды үлкендерге сөз беріп олардың иығына шапан жауып, ақ батасын алудан бастады. Мұның өзі олардың көрегендегін көрсетеді. Және дастарқанға да ұлттық тағамдарымыз қойылыпты. Барлығы иіліп тұр. Тура бір бұрыңғы қазақ ауылының тойын көргендей болдым. Қатысушылар да ерекше дайындықпен келіпті. Көрініп тұр оқып, жан-жақты ізденгендері. Мен тек қана сәттілік тілеймін. Жастарымыз бақытты болсын. Қазақ келіндері жасай берсін.

 

Өткізілген сан сайыстың нәтижесінде «Ауылдың алтын келіні» номинациясымен Төлеби ауданынын келіні Перизат Балықбаева марапатталды. Ал «Үлгілі келін» номинациясын тағы да Төлеби ауданының келіні Гүлмира Шәкирова жеңіп алды. Бұл мерекенің дресс коды қазақша киім болғандықтан «Ең әдемі» костюм» номинациясын ұсыну да назардан тыс қалмады. Көрген жанның көзін сүріндіретін қазақи нақышта киінген бірнеше келінге осы атау бойынша сый-сыяпаттар тапсырылды.
Қазақ келіндерінің ұйымдастыруымен алғашқы Наурыз мерекесі осыайша өз деңгейінде өтті. Жолдың шалғайлығына қарамай келген қонақтар еш өкінбеді. Мереке бойы дәстүрлі ән шырқалып, ұлттық ойындар ойналып той-думанның көркі қызды. Жастардың бастамасымен жүзеге асқан бұл шара арымен қарай жалғасын тапса игі.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті, №14, 3 сәуір 2019 ж

Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде

осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті