Үшінші мегаполис мәртебесін иеленгелі Шымшаһарымыз шырайлы келбетке ие болды. Қаланың көркіне көрік қосып сан алуан гүлдер мен жасыл желек жайқалып тұр. Гүл көшеттерін отырғызғанда неге қазақша ою-өрнекті пайдалануға болмайды? Гүлжан Көшерова тарқатып айтсын…

Шымқала гүл қалаға айналып келеді. Биыл қаламызға 1,5 миллион түп гүл егілген. Келер жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болып бекітілуіне байланысты гүл екі есе көп отырғызылмақ.

Қала аумағындағы жасыл желектерді күтіп баптауға биыл 2 млрд. теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда 25 мың шаршы метр жерге жаздық гүл көшеттері, 70 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылыпты. Оның ішінде 1,5 аса қылқан жапырақты ағаштар. Гүлдерді 100-ден астам адам күтіп баптайды.

Сұлтанхан Ахметов, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің көгалдандыру бөлімінің басшысы: «Көктемде қызғалдақтың тұқымын қазып алған соң канны, хризантема сынды бір жылдық гүлдер егіледі. Орталық көшелерге әуежайдан бастап, Темірлан тас жолы, Желтоқсан, Қонаев, Бәйдібек би көшелерінің шетіне әдемі көрінуі үшін бір жылдық гүлдер егілген. Газон қала бойынша 45 гектар жерге егілген».

Бүгінде запырангүл, ақсәуле, талшын, бахытгүл, райхан қаланың көркіне көрік қосып тұр. Шымқала қызғалдақтың отаны болғанымен тұқымы Польшадан жеткізіледі. Ал бұрын шетелден әкелінетін ағаштар жерсінбегендіктен, жаңа көшеттер жергілікті Қазығұрт, Сарыағаштағы тұқымбақтардан алынады.

Жандос Оспанов, қалалық энергетика, коммуналдық шаруашылық басқармасының көріктендіру бөлімінің бас маманы: «Бағалары соншалықты қымбат емес. Ағаштың сұрыпына байланысты 3,5-4,5 мың теңге тұрады. Қылқан жапырақты ағаштар 2 мыңнан басталып 40-45 мың теңгеге дейін барады».

Бұрындары көше бойындағы гүлдер қазақша ою пішінде егіліп, көмкерілетін. Бүгінде мұндай тәсіл қолданылмайды. Оның да өзіндік сыры бар екен.

Оксана Максимова, ландшафт-дизайнер: «Оған энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы рұқсат беріп, шешім шығаруы керек. Содан кейін ғана егуге болады. Қазақша ою – өрнектерді керемет етіп гүлдермен көмкеру үшін өте үлкен аумақ керек. Сонда ғана әдемі көрінеді».

Қаламызда бұған дейін өсіп көрмеген экзотикалық гүлдер де биыл жерсіндіріліпті. Оның ішінде сириялық раушан, үнді сирені бар. Жауаптылар келер жылы қаланың гүлге көміліп қаларына сендіріп отыр.

Гүлжан Көшерова