Шымкентте татар-башқұрт ұлтының өкілдері сабантой мерекесін тойлады. ХХ-шы ғасырдың аяғында қайта жаңғырған мейрам қаламызда жыл сайын тойланып келеді. Бірақ, биылғы думан жылдағыдан жоғары дәрежеде ұйымдастырылды.
Ән мен биге жақын жандарды сахна төңірегіне жинаған сабантой — татар-башқұрттардың төл мерекесі. Қазақтарға да жат болмаған думан әдетте егін науқаны аяқталған соң тойланады. Бірақ, Шымкенттегі татар ағайындар жаздың алғашқы айын таңдаған екен.
Насиль Майков, «Бұл мереке тек татар башқұрттардың мерекесі емес. Жалпы халықтың мерекесі. Біздің басты мақсатымыз — дінімізді,тілімізді сақтап қалу. Онымен қоса басқа ұлттардың да дәстүрін сақтап қалу».
Сабантой тек өнер мерекесі ғана емес. Білекті жандар да мерекедегі жарыстан қалыс қалмады. Ересектер күшін сынасып, қол күресте ептіліктерін көрсетті. Ал, балалар ауыр жастықпен бір-бірін жығып, ойын бәсекесінде мықтыны анықтады.
Сабантойға келгендер жәрмеңкені тамашалап тарқасты. Айта кетейік, көпшілік алдына ұлттық нақыштағы бұйымдар мен сәндік әшекейлер қойылған. Одан бөлек келген жұрт тәттілерден де ауыз тимей қайтпады.
Назерке Үкібасова