Әлемге әйгілі Лувр сынды мұражайларда тұратын картиналар Шымкенттің галереясында тұр. Бірақ қалада ондай өнер жауһарларын күтіп-ұстауға жағдай жоқ. Қала берді танымал суретшілердің қылқаламынан шыққан туындының түпнұсқа екенін анықтап берер маман жоқ. Құны миллиондаған евро тұратын картиналар Шымкентке қайдан келген?
Айвазовский, Густав Пруха, Хальцман секілді әлемді мойындатқан суретшілердің туындылары алғаш рет көпшіліктің назарына ұсынылды. Қарапайым тұрғындар әлемдік өнер жауһарын көру бақытына ие болмас па еді? Көрме Астанадан келген мәртебелі қонақтардың құрметіне арнайы ұйымдастарылған. Атынан ат үркитін шеберлер салған картиналардың Шымкентте бар екені бұрын соңды айтылмай келгенінің өзге де себебі бар. Ең бірінші оларды сақтайтын қауіпсіз орын жоқ.
Бұл картиналардың ең арзаны 5 миллион еуро тұрады. Алайда, үшінші мегаполисте оларды зерттейтін орталық жоқ. Сондықтан оларды түпнұсқа деп кесіп айту да қиын. Әзірге мұражай қызметкерлерінің сөзіне сенуден басқа амал жоқ.
Бейнелеу өнерінің бұл әлемдік жауһарлары жемқорлардан тәркіленген. Әзірге мәртебелі меймандарға ғана шығарылатын қымбат картиналар, қарапайым халыққа көрсетілмейді.
Ғалымжан Кенжебек