Жемқорларды жұмысқа қабылдағандарға шара көріледі

150

Енді бұрынғы жемқорларды жұмысқа қабылдаған адамға айыппұл салынады. Парақорды қызметке тағайындағаны үшін басшылық 300 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндетті. Бұл туралы еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді.

Әкімшілік құқықбұзушылық заңындағы өзгерісті таныстырған жауаптылар бұдан былай ауызбастырық алып сотталғандардың квазимемлекеттік секторға қабылданбайтынын жеткізді. Заңды белшеден басқан жағдайда мемлекеттік орган немесе ұлттық компания басшысы өз қалтасынан айыппұл төлейді.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары: «Бұл жерде маңызды мәселе – сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарды жұмысқа орналастыруға тыйым салу туралы талап бұған дейін тек мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордың басшы лауазымдарына қатысты болғанын атап өткім келеді. Енді биыл жыл басынан бастап күшіне енген Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды кез келген квазимемлекеттік сектор лауазымына қабылдауға толық тыйым салынды»

Назерке Үкібасова